Шымкент қаласында Рысқұлов көшесі мен Қонаев даңғылының қиылысында жолайрық салу мақсатында қызу жұмыстар жүргізілуде. Жоба биылғы жылдың қазан айында басталып, келесі жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда.

Жобаның бас мердігері – «Bazis Construction» ЖШС, авторлық қадағалаушы – «Саулет-SKB» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Акмол Тех Надзор» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.

Қазіргі уақытта нысанда жасыл желектерді кесу, қайта отырғызу, газ, су құбырының орларын қазу және жалпы саны 105 темірбетонды қадалар орнын бұрғылау, арматурамен өрілген қаңқалар орнату және бетон құю жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Темірбетонды қадаларды салудағы мақсат, Қонаев даңғылы бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйден топыраққа түсетін жүктемелерді ұстау болып табылады. Жобаға сәйкес Қонаев даңғылы бойында ұзындығы 540 м құрайтын тоннел салынатын болады.