Шымкентте бүгіннен бастап автобустарда электронды төлем іске қосылды

128

 Бүгіннен бастап Шымкентте жолаушылар автобустарда электронды түрде төлем жасай алады. Салаға жауаптылар жаңа жүйені бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновке таныстырды. Шаһар басшысы құрылғылардың жұмысын тексеріп көріп, бағасын берді.

Жаңаша есеп айырысу саладағы көлеңкелі бизнесті жойып, қоғамдық көліктердің қызметін жақсартады дейді мамандар. Айта кетейік, 1-қарашадан бастап картамен төлем төлемейтін жолаушылар үшін тариф 100 теңге болады. Төлем жүйесін қолға алған компания қазір 200 мың картаны сатылымға шығарған. Қазір карталар қаладағы арнайы белгілер орнатылған сауда орындарында ХҚКО және орталықтарында сатылып жатыр. Жоба жеке инвестор «QazSmartTrans» ЖШС-і есебінен іске асырылды.

Инвестицияның көлемі 1,2 млрд. теңгені құрады. Қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеу үшін төлем карталарының 4 түрі қарастырылған – стандарттық (жалпы пайдалануға), мектеп оқушыларының, студенттік және жеңілдетілген карталар. Жолаушылар көлік картасымен, SMS, QR-код, смартфонды (NFC) қолдана отырып жол жүру ақысын төлей алады.

Мақпал Рысбаева