Қоғамдық көліктер тамыз айынан бастап электронды төлем жүйесіне көшпек

209

 

Шымкентте қоғамдық көлік жүйесінің жаңа концепциясы қабылданды. Енді қала ішінде кептеліс азайып, тұрғындар діттеген жеріне жылдам жетеді дейді салаға жауаптылар. Жолаушылар тіпті автобустарды мобильді қосымша арқылы бақылай алады. Жаңа жүйе қалай, қашан іске асады?

Шымкенттегі ең түйіткілді мәселе – қоғамдық көліктің жайы. Қалада халық саны артқан сайын бұл түйткіл тіпті шиелене түсуде. Жолаушы лық толы автобустар, аялдамаларға тоқтамай, бір-бірімен жарыса жүйткитін жүргізушілер шымкенттіктерді әбден мезіп еткен. Автобустардың маршруттарды қайталауы, қозғалыс арақашықтықтарының сақталмауы, ескірген автобустар, тағысын тағы…

Қоғамдық көлік жүйесінде кемшіліктер көп. Осыны ескерген қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптыларға саланың жұмысын реттеу үшін арнайы концепция жасауды тапсырған болатын. Осыған жұмылдырылған елордалық компания өкілдері қала басшысына тұжырымдамасын таныстырды. Бұл жүйе қала ішіндегі кептелісті де реттейді екен.

Жаңа жоба тұрғындардың діттеген жеріне тез жетуіне сеп болып қана қоймай, саладағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жоюға да көмектеседі дейді жауаптылар. Қала әкімі тұжырымдаманы мақұлдай келе, тездетіп осы жүйеге көшуді тапсырды.

Енді жүргізушілер арнайы курстардан өтеді. Ал бақылаушы кондукторлардың қызметі де қатаң тексерілетін болады. Диспетчер арқылы бір-бірімен жарысып, аялдамаға тоқтамай кететін жүргізушілердің салғырттығы да қадағаланады. Жаңа тұжырымдамаға сай автобустардың қозғалыс аралығы 10 минутқа дейін қысқарады. Ал кейбір бағыттардағы жол жүру уақыты 60-тан 30 минутқа дейін кемиді. Қайталанатын маршруттар болмайды.

Айта кетейік, жоспар бойынша қалада қоғамдық көліктер тамыз айынан бастап электронды төлем жүйесіне көшпек.

Мақпал Рысбаева