Үш бүлдіршіннің уланып өлуіне кінәлі деп айыпталған дезинсектор 5 жылға сотталды. Балақайлардың өлімімен аяқталған қайғылы жағдайдың бірі өткен жылдың қарашасында болса, екіншісі ақпанда орын алған еді. Белгілі болғандай олардың өмірмен қоштасуына жәндіктерді улайтын құрал себеп болған. Ал, оны дезинсектор балақайлар көрші тұрған пәтерге шашқан екен.

Үш баланың өліміне кінәлі деп айыпталған дезинсекторға ақыры сот үкімі шықты. Жәндіктерді улаймын деп балалардың өліміне себепкер болған жұмысшы енді 5 жылын темір торда өткізеді. Бұл туралы бүгін онлайн өткен сот отырысында айтылды. Айыпталушы қылмысты абайсызда жасады деген сот оның кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп ең жеңіл жазаны қолдандым дейді.

Айдос Сұлтанов, Еңбекші аудандық сотының төрағасы: «Сотқа дейінгі тергеп тексеру барысында жинақталған құжаттардың, дәлелдердің жиынтығымен кінәсі толығымен дәлелін тауып отыр. Нәтижесінде үш жасөспірім баланың қаза болғанын, кінәсін мойындамағанын, өз әрекетіне өкінбегені, жәбірленушілер кешірім бермегенін ескеріп, бұл екінші эпизоды бойынша, кешірім беріп отырған жоқ, тек бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып отыр. Және ол жазаны сот әділ жаза деп есептеп отыр».

Еске сала кетейік, қайғылы жағдайдың алғашқысы осыдан бір жыл бұрын болса, екіншісі жыл басында орын алды. Пәтердегі жәндіктерді улауға келген жұмысшы қызметінен кейін көрші пәтердегі бүлдіршіндер жан тапсырған. Оқыс жағдайдан кейін қос баласынан айырылған отбасына енді сотталушы 5 млн. теңге берешек болды. Ал, у кесірінен 8 айлық баласынан айырылған екінші жанұя азаматты кешіріпті. Десе де бұл үкіммен сотталушының жұбайы келіспей отыр.

Салтанат Жаңабаева, Сотталушының жұбайы: «Көрші пәтерге жасадық. Бірақ біз бейсенбі жасадық, сенбі кірді олар. Ал бұл кісілер жексенбі күні уланып отыр. Олар  кішкентай баласымен кірген, тағы желдетпеген де,  кіріп кеткен, болды. Бірақ уланған жоқ. Ештеңе болған жоқ олар. Ал көрші қалай уланады ол кезде».

Ал, сот үкіміне баласынан айырылған ата-аналар еш қарсылықсыз келісетінін айтады. Бірақ, сұқбат беруден бас тартты. Ал, бас бостандығынан айрылған дезинсектор өз кінәсін сол күйі мойындаған жоқ.

Назерке Үкібасова