5-қарашадан бастап Ж. Адырбеков көшесімен көліктер қатынай бастайды

116

Жолдияр  Адырбеков көшесіндегі жол құрылысын енді шымкенттік мекеме аяқтайтын болды.

Осыдан екі жыл бұрын жөндеу жұмыстарын тараздық компания бастаған болатын.

Шымкенттегі Ж.Адырбеков көшесінде жол құрылысы қызу жүргізілуде.Нысанға жеткізілген битум төселіп, арнайы техникамен нығыздалуда. Осылайша құрылысы екі жылға созылған жол ақыры жөнделетін болыпты. Мердігер мекеме биыл Рысқұлов пен Жандосов көшелерінің аралағындағы 800 метр жолды тегістейді.

Адырбеков көшесіндегі жабылған жолды көлік қозғалысы үшін бастапқыда 1-ші қарашада ашу көзделген болса, көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігі үшін ол мерзім — қарашаның 5-іне шегеріліпті.
Мақсұт ИСАХОВ, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Біз 1-ші қарашада Адырбеков көшесін ашамыз деп жоспарлаған болатын едік. Өздеріңіз көріп тұрғандай асфальт төселуде, бірақ құдықтардың жабынғыштары жолдан 8 см шығып тұр. Бұның жол қауіпсіздігіне әсері болады. Құдықтар біркелкі емес, әр жерде орналасқандықтан, мердігерлермен келісіп, екінші қабат асфальт төсеуді жөн көрдік. Ыңғайсыздықтар үшін қалалықтардан кешірім сұраймыз. 5-ші қарашада жол ашылады».

Қарашаның 5-іне бұл көшемен көліктер қатынай бастайды. Қалған учаскедегі құрылыс жұмыстары келер жылдың қаңтарында жалғаспақ. Алдымен коммуникациялар реттеліп, кейін күн жылынған бойда асфальт төселінеді. Кең жол қалалықтардың көңілінен шығып, ол төрт жолақты жарықтандырылған және де жаяу жүргіншілер жолымен болады дейді мердігерлер.

Адырбеков көшесіндегі құрылыстың жүргізілгеніне екі жыл. 2018 жылы тендерді тараздық компания ұтқан болатын, алайда 1 млрд 600 млн теңгенің 100 млн-ы ғана игерілген. Тапсырыс беруші-қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасы өз міндеттеріне селқостық танытқан мердігерді сотқа берген.

Дау созылып, кейіннен мердігер мекеме әкімдікті сотқа беріпті. Соттың істі қарауы әлі жалғасуда. Осыған қарамастан, қала әкімшілігі жол жөндеу жұмыстарын созбай, тез арада аяқтауды ұйғарған. Қайта ұйымдастырылған конкурстың жеңімпазы — шымкенттік компания алдыңғы мекеменің жұмысын жалғастырып, Адырбеков көшесіндегі жол құрылысын аяқтауға келісім берді.

Мердігер компания Адырбеков көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарын бір жылда аяқтауға уәде берді.

Шынар Оразова