Түркістан ҚПБ кезекші бөлімінің 102 пультіне сауда орталықтарының біріне белгісіз ер адам кіріп, қару-жарақпен қорқытып, күш қолданып алтын бұйымдарды ұрлап, қашып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 7 миллион теңгені құрады. Аталған фактіні полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 192-бабы «Қарақшылық» бойынша СДТБТ-ға тіркеп, күдікті адамды іздестіруге кірісті.
Қарақшылық шабуылдың тапа тал түсте облыс орталығының көшесінде орын алғанын ескере отырып, Полиция департаментінде тәжірибелі қызметкерлер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер қылмыс орнын мұқият қарап, бейнебақылау камераларын зерттеп, ықтимал куәгерлерден жауап алды. Полиция әр аула мен көшені аралады, қылмыскердің ұрланған заттарды сатуы мүмкін ломбардтар мен сатып алушыларды тексерді.
Екі күннен кейін жедел шаралар барысында арнайы құрылған іздестіру тобының қызметкерлері күдіктінің ізіне түсті. Оны Кентау қаласы көшелерінің бірінен ұстады. Күдікті жұмыссыз, Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты. Ұсталған азамат полиция басқармасына жеткізіліп, УҰИ-ға қамауға алынды.
Тергеу барысында анықталғандай, қарақшылық шабуылдан кейін күдікті қалалық жолдар арқылы қашып кеткен. Жас жігіт бейнекамералар мен іздестіруден құтылу үшін киімін басқа киімге ауыстырып алып, таксиге отырып Кентау қаласына қарай бет алған. Бұл қарақшылық жасаған күдіктіні іздеуге екі күн жұмсаған жедел уәкілдердің жұмысын қиындатты. Белгілі болғандай, көрші қалада күдікті ломбардқа алтын бұйымдардың бірін тапсырып, ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған.
Қазіргі уақытта Түркістан ҚПБ-ның тергеушілерімен қарақшылық шабуыл дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұрланған алтын бұйымдары айғақты зат ретінде тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Тергеу жалғасуда.
Өз кезегінде қарақшылық шабуылға тап болып, алтындарынан айырылған тұрғын, алтындарын тауып, күдіктіні ұстаудағы полицейлердің тиянақты жұмысына алғысын білдірді. «Өзім қатты қорқып қалдым. Күндіз шабуыл жасап, бар алтынымды алып кетті. Содан бірден полицейлерге арыздандым. Тәртіп сақшылары екі күн ішінде күдіктіні ұстап, алтындарымды қайтарып берді. Алғысым шексіз. Полицейлердің жұмысына табыс тілеймін!»-деп шынайы ризашылығын жеткізді.
Түркістан облысының полицейлері азаматтар мен сауда үй-жайларының иелеріне қырағы болу және бағалы заттарды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ қылмыстық қолсұғушылықты болдырмау үшін сауда және өзге де үй-жайларда бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнату керек. Терезелер мен есіктер темір торлармен және сенімді құлыптармен жабдықталуы тиіс. Егер сіз қарақшылық шабуылдың немесе тонаудың құрбаны не куәгері болсаңыз, тез арада 102 телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.