КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖӘНЕ «SHYMKENT ӘКК» САЛАЛАРЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІ

81

 

«Адалдық алаңы» алаңында Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы мен «Shymkent ӘКК» акционерлік қоғамының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері қаралды.

Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы Т.Бүрлібаев, партиялық бақылау, Арнайы мониторингтік топ, Жобалық кеңсе мүшелері, қоғам белсенділері және талдау объектілерінің бірінші басшылары қатысып, аталған жиын «ANTIKOR.LIVE» жобасы аясында тікелей эфирде көрсетілді.

Шара барысында Талғар Серікбаев аталған салаларда анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тоқталып, проблемалық тұстарды ерекше атап өтті.
«Жалпы мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік қызмет көрсету, персоналды басқару, рұқсат беру және бақылау функцияларын іске асыру бағыттары сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бейім. Аталған мәселелер көптеген мемлекеттік органдар мен ұйымдарда кездеседі» — деді Т.Серікбаев.

Сондай-ақ, жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің қызметі баяндалды. Тасқынбай Бүрлібаев жұмыс нәтижелеріне тоқталып, партия тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде жан-жақты қолдау білдіретінін жеткізді.
«Shymkent» ӘКК басқарма төрағасы Бауыржан Канкин Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ұсынымдарының орындалуы жайынан хабардар етті.

Ұсынымдарды пысықтау барысында мекеме инвестициялық жобаларды іске асыруға, мемлекеттік мүлікті беруге, кадрларды іріктеуге, еңбекақы төлеуге және қызметкерлерді ынталандыруға байланысты процестерді қайта қараған.

Өз кезегінде, әкімдіктің бейінді басқармасының басшысы Ж. Шайхсламов энергетика және коммуналдық шаруашылық саласында мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік қызметтер, кадр мәселелері, сондай-ақ бюджет қаражатының игерілуін бақылау кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылғанын атап өтті.

Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мониторинг нәтижелері тыңдалды.

«Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жани Қамбар қала тұрғындарының көшені жарықтандыру, қоқыс шығаруға байланысты проблемалық мәселелері туралы айтып берді.

Кеңес қорытындысы бойынша қоғам мүшелерімен бірлесіп коммуналдық қызметтер жұмысындағы кемшіліктерді жою бойынша қосымша ұсынымдар берілді.Уәкілетті органдардың басшылары оларды қысқа мерзімде жоюға уәде берді.

Тұтастай алғанда, талдау нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органның бақылау-әдістемелік функциясын күшейту маңызды болып табылады.

Өз кезегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган ретінде жағдайды одан әрі зерделейтін болады.