«Қайын атам күн көрсетпейді»

534

Енесіне емес, қайын атасына жақпайтын келін редакцияға хабарласып, хикаясын баяндады. Жылдар бойы атасының орынсыз қылықтарына шыдап келген ол сабыры сарқылғанын айтады.

Бұл өмірде енеңе емес, қайын атаңа жақпасаң, өте қиын екен. Күйеуімнің шаңырағына келін болып түскеніме 6 жыл болды. Жолдасым екеуіміздің 2 баламыз бар. Балаларымның әкесімен 2 жыл бір-бірімізді танып-біліп жүріп, бас қостық. Оған еш ренішім жоқ. Алайда келін болып түскен күннің ертеңінен бастап, атам тарапынан көптеген қысымға ұшырап келемін.
Әдетте бұл қоғамда келіндер атасымен емес, енесімен жараспай, бір-бірін түсіне алмай жүреді ғой. Ал біздің отбасымызда бәрі керісінше.
Атамыз – жастайынан ішімдікке әуес болған адам. Туыстардың айтуынан білгенім, оның мінезіне енем сияқты биязы, сабырлы адам ғана төзе алады екен. Бәрін басынан түсіндірейін.
Келін болып табалдырық аттаған соң, енем маған бірінші кезекте атамның аздап көбірек сөйлейтінін, оның мінезіне мән бермеу керек екенін түсіндіріп айтты. Мен мұны көңіліме алмадым, өйткені, «еркек адам қашанға дейін сөйлейді» дейсің» деп, әсіресе келініне артық әңгіме айтпайтынына сенімді болдым. Бірақ жағдай мен ойлағандай оңай болмады.
Өзім кішкентайымнан көріп өскен ер адамдармен салыстырған сияқтымын. Әкем де, әкемнің інілері де, ағамнан мұндай ұсақ мінез байқаған емеспін. Сондықтан «еркектің бәрі осындай болады» деп ойласам керек. Тіпті күйеуім де әкесіне ұқсамаған. Күйеуімнен тек жақсылық көрдім. Егер ол мені қолдап, сабыр сақтауымды өтініп, маған түсіністік танытпағанда, мүмкін біздің жолымыз екіге айырылар ма еді? Кім білсін?!
Атамыздың біртүрлі мінезіне алғаш рет беташардың ертеңіне көршілерге келін шай құйып жүргенімде куә болдым. Келін шайдан кейін шай құйылған кесеге ақша салып бергендері болды. Сол кезде атам «мына ақшаның бәрін өзіңе алмай, енеңе бер, онсыз да сені аламыз деп шығындалдық, сәл де болсын керегіне жаратсын» деп айтқан кезде не дерімді білмей, халатымның қалтасындағы ақшаны енемнің қолына ұстата салғаным әлі есімде.
Алайда сол сөзден кейін дірлдеп, өз-өзіме біраз уақыт бойы келе алмағаным есімнен кетпейді. Сондағы көп ақша да емес еді. Ары кетсе 5-6 мың теңге шығар. Осы жағдайды күйеуіме айтқанымда ол сабырмен қабылдады. Әкесінің аздап ойланбай сөйлеп қоятынын айтып, мүмкіндігінше түсіністік танытуымды сұрады. Әкесінің атына кешірім өтінді.
Арадан бірнеше күн өтті. Атамыздың ешқашан қабағы ашылмайды. Қашан көрсең, бұрқылдап жүреді. Бір адам солай болса, бүкіл отбасының шырқы бұзылады екен. Енем болса, оның әрбір қылығынан кейін маған шыдамдылық танытуды сұрады. Бір күні үйге қайын ағам мен абысыным келді.
Ас үйде абысыныммен жеке қалғанымда «атамыздың мінезін байқап үлгерген шығарсың» деп сұрады. Мен үнсіз басымды изедім.
Сол кезде абысыным: Әлі көретінің алда, бұл тек басы ғана. Атам мені ұрмақшы болып, талай рет пышақ ала жүгірген» деді.
Қатты қорықтым. Қандай жағдайда да оған қарсы шықпауымды ескертті. Сол оқиғадан кейін абысыным үйден кетіп қалған екен. Артынан келген күйеуіне тек бөлек шығуға көнсе ғана баратынын жеткізген. Қайын ағам да әкесінің мінезін өте жақсы біледі. Бөлек шығу жайлы талабын орындағанын айтты. Ол да күйеуі мен енесінің көңілі үшін 1,5 жыл ғана шыдағанын айтып берді. Бұл жағдай мені қатты қорқытып қойды.
Содан кейін мейілінше атамның ашуын келтірмеуге тырысып жүрдім. Бірақ ол кісі бәрібір ашуланатын жағдай тауып алатын еді. Алдымен енеме ұрсып бастайды. Сосын «анау сенің келінің қолынан түк келмейді, келіндерден жолың болмады, ұлдарың саған ұқсаған, сондықтан айтқанын орындататын әйел алады» деп айқайлап, маған естіртіп сөйлейтін еді.
Екі ұлының біреуі де өзіне ұқсамағанын және әйелдерінің сөзін сөйлейтінін айтып, шағымдана беретін. Енем ештеңе демейтін. Егер ол қандай да бір сөз қайтарса, шал кейпіне қарамай, сонша жасқа келсе де әйелін ұратын. Мұны көргенде өте қатты таңырқағаным бар.
Алғашқы айларда маған бірдеңе айтқысы келсе, менің бір әрекетім немесе пісірген тамағым, жинаған үйім ұнамаса, енеме сөйлеу арқылы «сенің келінің сондай, сенің келінің мұндай» деп айтып жеткізетін.
Кейін келе тіке өзіме айтатын болды. Ұрсып, айқайлап, ыдыстарды сындырып, жынды адам сияқты долданатын. Екі ұлы мүлдем басқаша. Мүмкін аналарының тәрбиесін көргеннен болар. Олар өте тәрбиелі, көп сөйлемейді. Анасын қатты құрметтейді. Әйел адамға тіл тигізу, оған қол жұмсау дегенге қарсы. Осындай әкеден мұндай балалары болуы, шынымды айтсам, мені таң қалдыратын. Қайын ағам – қызба мінезді адам. Бір ашуланса төңкеріп салатын әдеті бар. Бірақ ешқашан әйеліне қол жұмсаған емес.
Күйеуім мен енемнің жағдайын ойлап шыдамдылық танытып келемін.
Бір қызығы, атамыз ұлдарының қасында артық әрекет жасамайды. Мүмкін қорқа ма, білмейміз. Ол мінезін тек әйелдерге шығарады, өйткені нәзік жандыларға ғана күші жететінін білетін сияқты.
Тұңғышыма жүкті кезімде, пісіріп, алдына қойған қуырдағымды ұнатпай, «тағы да боқ сияқты бірдеңе жасапсың ғой» деп табақты төңкере салғаны бар. Сол жағдайдан қатты қорқып, ауруханаға түскен едім. Сонда күйеуім әкесіне қатты ұрысты.
Егер соның кесірінен баласына, маған бір жағдай болса, өмір бойы жүзіне де қарамайтынын, кешірмейтінін айтыпты. Күйеуім ұрысқан соң, сәл басылғандай болды, бірақ мен босанған соң бұрынғы әдетіне тағы басты.
Енем қашан көрсе бәйек болып жүреді. Шалы үшін кешірім өтініп, «Осындай адам енді ешқашан жөнделмейді. Бізге тек қана шыдамдылық таныту керек, далаға тастай салатын зат емес, балаларымның әкесі, менің жаман болса да қанша жылдық жарым, сондықтан сенікі дұрыс» деп қана құтылайық» деп айтып отырады. Алайда мен қайын атамның мұндай қылығына қалай төзе берем. Қатты қиналған сәттерім болды. Күйеуіңмен бәрі жақсы болса да, енеңмен сыйласып отырсаң да, үйіңде бір адамға жақпасаң, біреуімен тіл табыса алмасаң, бақытты болып кете алмайды екенсің. Әсіресе еркек адамға жақпасаң, ең қиыны екен.
Үнемі, сені жақтырмай, өміріне разы емес, отырсаң – опақ, тұрсаң – сопақ, ішкен-жегеніңмен алысып, кигеніңді күндеп отыратын қайын ата ешқандай келінге жолықпасын.
Менің осындай жағдайға төзім жүргеніме де 6 жыл болыпты. Сондағысы күйеуімнің қолдауының арқасында деп ойлаймын.
Жұмысбасты болса да демалыс күндері міндетті түрде қыдыртып, көңілімді аулауға тырысады. Әкесінің қылықтары үшін кешірім өтінеді. Оны ешқашан қуып жібере алмайтынын, қандай болса да әкесі екенін айтады. Мені жақсы түсінетінін және өзі үшін, балаларымыз үшін ештеңеге мән бермеуімді өтінеді. Егер күйеуім тарапынан сондай қолдау болмағанда, біздің жолымыз әлдеқашан екіге айы-рылып кетер еді.
Балаларымның әкесі үшін, балаларым үшін бәріне төзіп келемін. Бірақ шыдамым шегіне де жетіп қалды. Алда не боларына жауап бере алмаймын.

Жазып алған-Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №45, 5 қараша 2020 ж