Шымкент: Апатты үй тұрғындары үрейлі

109

«Адам түгілі Құдайдың да назарынан тыс қалған». Шымкенттегі апатты деп танылған баспаналарда өмір сүріп жатқан тұрғындар салынғанына 60 жыл болған нысандар туралы осылай дейді.

Әбден тозығы жеткен үйлерде тұрып жатқан халық үрейлі. Құлап қалса, қирандылар астында қаламыз ба деп қауіптенеді. Ал әкімдіктегілердің жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарды пәтермен қамтуда қандай жоспары бар?

Бүгінде Шымкент қаласында жалғыз үйі апатты деп танылған 27 азамат пәтер кезегінде тұр. Бұл туралы жуырда қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы жыл басынан бері атқарған жұмыстарын баяндаған брифингте мәлімдеген болатын. Сала басшысының сөзіне қарағанда баспанаға мұқтаж бұл тұрғындар биыл қоныс тойын тойламайды. Себебі, қазір шаһарда салынып жатқан баспаналардың құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қолға алынған.

Ғалымжан ТӨЛЕПОВ, Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы: «Кезек 2012 жылы басталған. «Нұрлы жер» бағдарламасының үйлерін тек көп балалы отбасылар мен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындар ала алады».

Шымкенттік зейнеткер Ырымгүл Сәрсенбаева осы апатты үйде тұрады. 60 жыл бұрын салынған тұрғын үйдің қабырғасы қақырап тұр. Есік-терезесі де әбден тозған. Қырық жамау болған баспанада жартымды жылу да жоқ. Су жүйелері де сыр берген дейді қарт. Жыл сайын тұрғындар пәтерлерін жамап-жасқап әлек. Сырты түтін, іші бүтін баспанада тұруға қорқамыз дейді зейнеткер.

Ырымгүл Сәрсенбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бір Құдайға сыйынып отырамыз. Бір зейнетақымен үйді қайдан аламыз? Біз екінші қабатта тұрамыз, астындағы көршілеріміз жиі шағымданады. Су жүйелерінен ақау кеткен».

Айта кетейік, қалада қазір 26 тұрғын үй апатты деп танылған. Жуырда қала басшысы Мұрат Әйтенов жергілікті әкімдерге түйіткілді нысандардың проблемасын инвесторлар тарту арқылы шешуді тапсырған болатын.

Қазір тұрғын үй басқармасындағылар қала әкіміне жалғыз баспанасы апатты деп танылған шымкенттіктердің мәселесін шешу бойынша ұсыныс жасап отыр. Сала басшысы бұл бастама қолдау тапса, келер жылы бұл санаттағы азаматтарды да баспанамен қамтуға мүмкіндік туады деп отыр.

Мақпал Рысбаева