Шымкент: Қысқы маусымға дайындық кезекті рет пысықталды

264

Синоптиктер алдағы күндері Шымкентте күн суытады деген болжам жасауда. Қыс маусымында оқиғалардың алдын алу мақсатында қаладағы коммуналдық қызмет пен төтеншеліктердің қыс маусымына дайындығы кезекті рет пысықталды.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаҺардағы тиісті мекемелердің қыс мезгіліне дайындығымен танысты. Авариялық құтқару және коммуналдық-техникалық қамтамасыз ету қызметтерінің қаз-қатар тізілген арнайы техникалары жолдарды қардан тазалап, көк тайғақ кезеңде қажетті инертті материалдар себуге сақадай сай.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Алдымызда қыс. Өзім көріп шықтым техниканың басым бөлігі жаңартылған. Барлығы бақылауда болуы тиіс».

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшылығының мәліметіне жүгінсек, көшелерді қардан тазалау мен көшелерге құм себу жұмыстарына 182 техника, 670 жеке құрам дайындыққа келтірілген. Көк тайғаққа қарсы инертті материалдардың қоры 17 мың куб құм, 5 мың тонна тұзды құрайды.

Жәнібек Кәрімбаев, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары: «Қыс мезгілінде 32 бағытта ұзындығы 1 мыңнан астам шақырымды алып жатқан 299 көшеде жұмыстар жүргізіледі».

Қалалықтарды жылумен қамтушы мекемедегілер тұрғындар толығымен жылумен қамтылды деп сендірді. Айтуларынша, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көпқабатты үйлер, бюджеттік және коммерциялық нысандарда сығымдау жұмыстары жүргізіліп, бүгінде жылу қабылдауда.

Пердебай СӘБИТОВ, «Қуатжылуорталық-3» МКК бас директоры: «Айта кетейік, «Қазигдромет» синоптиктерінің болжауынша, 17-19 қараша күндері еліміздің бірқатар аймағында күн суытып, кейбір өңірлерде 18-26 градус аяз болады. Шымкенте те алдағы күндері күн күрт суиды деп болжануда. Сонымен қатар 18 қарашада күннің екінші жартысы мен 19-шы қарашада қар жауады деп күтілуде».

Шынар Оразова