Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Ұлттық жобалар байқауы» өтті. Сайысқа шаһардағы 120-ға жуық кәсіпкер мен бизнес бастауға ынталы азаматтар атсалысты.
Жобалардың іріктеу кезеңінен тек 35-і таңдалып, қазылар алқасы алдында таныстырылды. Шара барасында өмір сүру ортасын жақсартуға бағытталған нақты туындылар ұсынылды.
– Байқаудың мақсаты – жастардың бастамаларын қолдау, әлеуметтік, білім, экологиялық, стартап жобалар және инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған жобаларын жүзеге асыру, – дейді Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Ерлан Әлжанов.
Сайысқа қатысушылар іс-әрекеттер арқылы жергілікті қоғамдастық өміріне оң ықпалын тигізуге ынталы екенін жеткізді. Онда «Жылыжай жасау технологиясы», «EASY» ақылды мектебі, Дамуында тежелуі бар балаларға арналған әдістемелер жұмысы ұсынылды. Үздік деп танылған 5 жоба иесіне қайтарымсыз 500 000 теңге грант берілді.
Байқау жеңімпаздарының қатарында Динар Бенсейтов, Дәулет Ниязбек, Толғанай Тоқташ, Мөлдір Төленбаева, Азиза Құрбан сынды озық ойлы жастар бар.
Жастардың әлеуметтік, білім, экологиялық, стартап жобалар және инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған бастамаларға мемлекеттен қолдау мол. Шара «100 жаңа идея» топтамасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды.
Айта кетейік, байқау барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өткізілді.