Шымкентте көгілдір отын бағасы неге қымбат?

271

«Табиғи газ тарифы Қазақстан бойынша Шымкентте қымбат». Осылай деген еліміздің бас монополисі мұның себебін қала тұрғындарының көптігімен түсіндіреді. Және техника жабдықтарының жеткіліксіздігінен дейді.

Айта кетейік, Шымкенттен бөлек көгілдір отын үшін Нұр-Сұлтан мен алматылықтар да ең көп ақы төлейтіндер қатарында.

Асан ДАРБАЕВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы: «Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында басқа жақпен салыстырғанда газ тарифы қымбат. Себебі, бұл аумақта тұрғындар саны көп. Және техникалық себептен. Ал, ауыз су Атырау, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстанда қымбат. Себебі ол жақтың суы әлдеқайда тұзды».

Монополистердің жағымды жаңалығы да жоқ емес. Сөздерінше, ендігі жылы коммуналдық жүйе тарифін көтеру жоспарда жоқ. Және карантин режиміне байланысты биыл коммуналдық қызмет тарифінің 7 пайызға арзандағанын айтады. Осылайша ел қалтасында 27 млрд. теңге қалды деп отыр.

Ерболат ИБРАЙХАНОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары: «2020 жылға өткен кезде тариф жоспарлы 15,5 пайызға өсу керек болатын. Бірақ, Мемлекет басшысының, Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес тарифтың нақты өсуі 0,5 пайызды құрады. Бұл жерде айта кету керек, жылумен жабдықтау 3,1 пайызға төмендеді. Сумен жабдықтау 0,2 пайызға төмендеді. Су құру 1,2 пайызға төмендеді. Тек қана өскен электроэнергиясын жабдықтау 5 пайызға жоғарылаған».

Жауаптылар сөзінше, биыл қазақстандықтардың коммуналдық тариф үшін қарызы да өткен жылмен салыстырғанда азайған. Мәселен, 2019 жылы отандастарымыз коммуналдық қызметке 27 млрд. теңге берешек болса, биыл 23 млрд. теңге екен.

                                                                                               Назерке Үкібасова