Шымкентте зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың саны 280 мыңнан асады

122

Шымкент қаласында зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың саны 280 мыңнан асады. Олардың 80 мыңнан астамы зейнетақы алушы азаматтар. Бұл және басқа да төлемдер тағайындау және медициналық-әлеуметтік сараптаманың талдамасын бүгін БАҚ өкілдеріне Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшылығы баяндады.

«Жылдың басынан 9 айда 91 788 төлем тағайындалған және қайта қаралған. Мемлекеттік қызметтерді көрсету 14 түрінің 13-і электронды форматта көрсетіледі», дейді карантиндегі департамент басшысы.
Төрехан ДАУЫТОВ, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы: «Ия, коронавирусқа байланысты карантин жарияланғандықтан тоқсан сайын мүгедек ретінде қайта куәландыруды автоматты түрде созып отырдық. Қазан, қараша, желтоқсанда құжаттарды онлайн тапсырады».

Миллион халқы бар Шымкентте мүгедектердің үлесі 3,46 пайыз, яғни 36 195 адам. Ағымдағы жылдың 9 айында мүгедектігін куәландырған 2113 азаматтың алғаш рет мүгедек ретінде 2036 адам танылды. Өткен жылмен салыстырғанда мүгедектердің саны 574 адамға азайған.

Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы және арнаулы әлеуметтік қызметтерді мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бағытында есепті мерзімде 18 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, 16 мекемеге 2 млн-ға жуық теңге көлемінде айыппұл салынды.

Шынар Оразова