«Шымкенттегі кей мемлекеттік қызметкерлер халықпен жұмыс істеуді білмейді». Осылай деген Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері бүгін басқарма өкілдерін сынға алды.
Солардың бірі — Шымкент қалалық орта сапасы мен бақылау басқармасының маманы. Халық арасында ГАСК деп аталатын мекеме қызметкері тұрғын өтінішін тыңдамағаны үшін сөгіс алып тынды.
«Президент жолдауын оқисыңдар ма? Не деп жазылған оның ішінде. Халықпен қалай жұмыс істеу керек? Қазіргі заңнама бойынша қызметкердің міндеті халыққа қызмет жасау».
Бүгін өткен Әдеп жөніндегі кеңесте Шымкент қалалық орта сапасы мен бақылау басқармасының маманына халықты тыңдамағаны үшін ақталуға тура келді. Оған осыдан біраз уақыт бұрын қала тұрғыны көмек сұрап келген. Белгілі болғандай арызданушы әйел көршісінің өз жеріне қол сұққанын айтқан. Алайда, маман айтылған арызға мән бермей, енді міне мән-жайды әдеп кеңесінде түсіндіруге тура келді.
Нұрғазы Бұхарбаев, Шымкент қалалық Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі: «Жалпы бұл мекемеге сын өте көп. Оның бір айғағы мынау. Адамдармен сөйлесу керек, тыңдайтын мемлекет деп бекерден бекерге айтып жатқан жоқ қой біздің мемлекет басшысы. Бұл мекемеде шикілік былтыр да шыққан болатын. Жалпы дәл осы мекеме қызметкерлері жұмысты өз дәрежесінде істей алмайды».
Әли КӨМЕКБАЕВ, қалалық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы: «Қазір саған ұсыныс беріп отырған кір келтірудің екінші баптың ұсынысы. Ол деген баяғы коррупция. Жүйелі түрде бас прокуратура елордадан бастап, талай тексерушілер келеді ертең. Азаматтар арызы қалай алынады? Уақытылы ма?».
Ел арасында ГАСК аталып кеткен мекеме қызметкерінен бөлек әдеп кеңесінде тағы екі шенеуніктің әрекеті талқыланды. Олар қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов пен коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөз. Бірі мемлекеттік сатып алуда кемшілік жіберіп көзге түссе, енді бірі сеніп тапсырылған жұмысты атқармай ақталды.
Сеніп тапсырылған жұмыста шикілік жіберген қызметкерлер ұрыс естумен құтылған жоқ. Тұрғынды тыңдамаған ГАСК қызметкері сөгіс алса, мемлекеттік сатып алуда шикілік жіберген Ербол Ахметов ескертумен шектелді. Ал, коммуналдық шаруашылық басқармасы басшының орынбасары лауазымынан төмендетілді.
Назерке Үкібасова