Жас сарбаздар ҰОС ардагері 100 жастағы Халел Атантаевқа құрмет көрсетті

255

Шымкенттегі әскерилер Ұлы Отан соғысының ардагері Халел Атантаевты 100 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.

Майдангердің құрметіне әскери оркестр сазды әуендерді орындап, жас сарбаздар әскери дайындығын паш етті.

Ұлы Отан соғысының ардагері тұратын «Нұрсәт» шағынауданындағы бұл аулада абыр-сабыр дайындық. Еңбекші және Қаратау аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасы, Қарулы күштер ардагерлерімен жұмыс жасау қызметінің өкілдері бүгін 100 жасқа толған соғыс ардагерін құттықтауға келіпті.

Бір ғасырды артта тастаған Халел Атантаев әлі тың. Өз құрметіне арналған құттықтауларды естіп бір жасап қалды. Ұлы Отан соғысының II-дәрежелі, «Қызыл жұлдыз» ордендері мен Германияны жеңгені үшін, Москаны қорғағаны үшін медальдердің иегері 18 жасында майданға аттанып, Польша,Украина, Қиыр Шығыста шайқасқа қатысқан.

Халел Атантаев, 100 жасқа толған соғыс ардагері: «Рахмет барлықтарыңа. Жастарға айтарым, Отандарыңыды қорғаңдар!».. Біз аянбадық…».

Ұлы Отан соғысы ардагеріне Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Майдангерді мерей тойымен құттықтау шарасы салтанатты оркестермен жалғасты. Халел Атантаевтің құрметіне орындалған әскери оркестрдің сазды әуені қария үшін ерекше сыйлықтың бірі болды.

«Капитан шенінде елге оралған Халел атамыздың өмірлік жолы өскелең ұрпаққа үлгі өнеге»,- дейді  әскери ардагер  Серікбай Оңбаев.


Болат Дінмұхамед, жас сарбаз: «Атамыздың өмірі ұзақ болсын. Бізге Тәуелсіздік алып берген ардагерімізге алғысымыз шексіз. Біз атамыздың ерлігіне лайықты боламыз».

Тәрбиелік мәні зор салтанатты іс шараға қатысушылар естелікке фотосуретке түсіп, 100 жасаған Халел атамызға ұзақ ғұмыр тілеп тарқасты.

Шынар Оразова