АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК: ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС БАР?

5482

Газетіміздің өткен №49-50 санында (03.12.2020) «2021 жылғы жәрдемақы мен зейнетақы» тақырыбында мақала жарық көрген болатын. Сол мақаладан кейін редакцияға хабарласқан оқырман көбейді. Дені – көпбалалы аналар. Бәрі де 2021 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауда қандай өзгерістер болатынын білгісі келеді. Оқырмандар сауалын жинап, әлеуметтік қамтамасыз ету саласының мамандарына жолдадық. Барлық сұраққа болмаса да ең-ең жиі қойылатын біршама сұраққа жауап келді.
Оқырмандар сұрағына Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының Әлеуметтік төлемдерді төлеу бөлімі басшысы Гүлдана Ибадуллақызы Нұржанова жауап берді.

СҰРАҚ: Биылғы желтоқсан айына АӘК қалай төленеді?

ЖАУАП: Заңға сәйкес, АӘК бір тоқсанға тағайындалып, ай сайын төленеді. Бүгінгі таңда АӘК төлеу механизімі былай жүзеге асырылады: құжат тапсыру кезінде отбасының соңғы 3 айдағы табысы мен сол айға бекітілген кедейшілік шегі ескеріледі. Сөйтіп, отбасының жан басына шаққандағы табысы мен кедейшілік шегі арасындағы айырма АӘК мөлшерін құрайды.
Кедейшілік шегі дегеніміз – ең төменгі күнкөріс мөлшерінің 70 пайызы. Ең төменгі күн көріс мөлшері – 32 533 теңге болса, төртінші тоқсанға бекітілген кедейшілік шегі – 22 703 теңге.
Осы механизм бойынша әр отбасына АӘК төленеді. Дәл осы принциппен бүгінге дейін (11 айлық қорытынды) Шымкент қаласындағы 30 942 отбасына 15 миллиард теңгеден астам қаржы төленді.
Айта кететін жайт, әр айдың қаржысы келер айдың 10-ына дейін төленуде. Демек, қыркүйек айының төлемі 10-қазанда, ал қазан айындағы төлем 10-қарашаға дейін төленді. Сәйкесінше, қарашадағы төлем 10-желтоқсанға дейін төленіп бітті. Жыл соңы болған соң, желтоқсандағы төлемді биыл толығымен төлеп бітіруіміз керек. Сонықтан да осы айда екі рет төлем жүргізіледі. Айдың басында қарашаның төлемі, ай соңында желтоқсан айына тиесілі соманы аударамыз.
Халық арасында «келер 2021 жылдың қаңтар айын да осы жылы төлейді екен» деген қаңқу сыбыс тарап жүр. Бұл – шындыққа жанаспайтын ақпарат. Сондықтан да сенудің қажеті жоқ. Келер жылға бекітілген өз бюджеті бар. Төлемдер соған сәйкес, 2021 жылдан бастап төленеді.

СҰРАҚ: 2020 жылы алған қаржымызға есеп береміз бе?

ЖАУАП: Жалпы АӘК шартсыз және шартты деп екі түрге бөлінеді. Аты айтып тұрғандай, шартсыз ақшалай көмекті алушы отбасына ешқандай шарт қойылмайды. Олар қаржыны ай сайын алып отырады. Ал шартты түрін алатын отбасына көмек үш айда бір рет төленуі керек. Бұл қаржы оларға әлеуметтік жағдайын жақсартуға, яғни жеке ісін, кәсібін ашуға бағытталуы керек. Алайда, карантин кәсіпкерлікпен айналысуға тұсау болып отыр. Мұндай қиын жағдайда кімнен, қандай есеп сұраймыз? Әзірге атаулы әлеуметтік көмектің шартты түрін алатындардан ешқадай есеп алынбайды.

СҰРАҚ: 2021 жылы АӘК мөлшерінде және төлеу механизімінде өзгерістер бола ма?

ЖАУАП: 2021 жылдан бастап АЕК пен ең төменгі күнкөріс деңгейі өзгереді. Осыған байланысты, зейнетақы мен жәрдемақылардың да мөлшері біршама көбейеді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күнкөріс деңгейінің мөлшері 34 302 теңгеге артуына байланысты кедейшілік шегінде де өзгеріс болады. Алайда бұл көрсеткіш статистикалық деректер бойынша ай сайын өзгеріп отырады. Мәселен, 2020 жылдың III тоқсанында кедейшілік шегі 21 170 теңге болса, IV тоқсанда 22 703 теңге.
Отбасының орташа айлық табысының де рөлі зор. Сондықтан Жаңа жылдан бастап АӘК мөлшерінде айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды. Төлеу тәртібіне келсек, өзгеріс жоқ. Сол тәртіппен бір тоқсанға тағайындалып, ай сайын төленеді. 2021 жылдың 1 қаңтарындағы төлем 10-ақпанға дейін, ақпанның төлемі наурызда, ал наурыздың төлемі сәуірде есепшотқа түседі.

СҰРАҚ: 2021 жылға құжат қабылдау басталды ма?

ЖАУАП: Коронавирус пандемиясына байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылғы II, III және IV тоқсанда атаулы әлеуметтік көмекке жаңадан құжат тапсырушылар үшін қабылдау шараларын онлайн форматта, ал карантинге дейін құжатын тапсырып, көмек алғандардың төлемдерін автоматты түрде ұзарту туралы шешім шығарды. Пандемияға байланысты 2021 жылдың I тоқсанында да дәл осы тәртіп сақталады. Атаулы әлеуметтік көмекке жаңадан құжат тапсыратындар онлайн форматқа жүгінеді. Алып жүргендерден ешқандай құжаттар талап етілмейді. Екінші тоқсанның мәселесі әлі белгісіз.

СҰРАҚ: Жаңа жлдан бастап азық-түлік себетінің орнына ақшалай сертификат берілетіні рас па?

ЖАУАП: Жоқ, бұл да жалған ақпарат. 2021 жылдың I тоқсанында да атаулы әлеуметтік көмек алушыларға кепілдендірілген әлуметтік топтама ұсынылады. Яғни, 1-3 жасқа, 3-6 жасқа дейінгі балаларға берілетін азық-түлік топтамасы мен гигиеналық заттар. 2020 жылғы тәртіп бойынша 2021 жылдың I тоқсанында да азық-түлік топтамасы ай сайын, гигиеналық заттар тоқсан сайын беріледі. Бұл заттар «Magnum Cash and Carry» ЖШС-нің «Магнум» сауда үйі арқылы беріледі. Азық-түлік себетінің соммасы – 4706 теңге, гигиеналық заттар топтамасы – 1750 теңгені құрайды.

СҰРАҚ: Кепілдік берілген әлеуметтік топтаманың сапасына көңілі толмағандар қайда хабарласады?

ЖАУАП: Кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы алатын кезде 2007 жылдың 21 шілдедегі «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі» туралы ҚР заңында белгіленген талаптарға сәйкес, алушы тауарды тексеріп және еркін нысандағы құжатқа қол қою арқылы растап алады. Тәжірибе көрсеткендей, тауарды алатын азаматтар тіпті қандай құжатқа, не үшін қол қойып жатқанын да білмейді. Оны ашып, тексермейді. Ал кейін үйіне барып, сапасына көңілі толмай, шағымданады. Сондықтан да берер кеңесім, асықпаңыз. Топтаманы ашып, тексеріп көрмейінше қол қоймаңыз. Егер азық түлікке немесе гигиеналық тауарларға күмән (тесілген, ашылған, мерзімі өткен) болса, сондай жағдайда «Магнум» сауда үйі тауарды ауыстырып береді. Егер қол қойып, тауарды алып, үйіңізге барғанда ғана кемшілікті байқасаңыз, мұндайда сауда үйі жауапкершілікті мойнына алмайды.

СҰРАҚ: Топтаманы жинағанда, өндіруші фирмаға мән беріле ме? Байқасақ арзан, өтпейтін заттармен толтырған.

ЖАУАП: Жалпы сауда үйімен жасалға келісім-шартта берілетін заттардың тізімі (ұнтақ жармасы, сұлы, кір сабын, тіс пастасы және т.б) мен оның мөлшері (200 гр, 800 гр, 2 литр) көрсетілген. Ал оның қай фирма тауары екені жазылмаған. Осы талаптарды сақтай отырып, сауда үйі тауарларды өз еркінде жинастырады.

СҰРАҚ: АӘК сомасы неліктен құбылады? Өткен айда 81 мың алдық, осы айда 50 мың шықты?

ЖАУАП: Жоғарыда айтқанымдай, АӘК мөлшері отбасының жан басына шаққанда табысы мен кедейшілік шегі арасындағы айырмасы. Отбасының табысы зейнетақы аударымдарымен расталады. Мемлекеттен алатын жәрдемақы да АӘК тағайындауда табыс ретінде ескеріледі. Төтенше жағдай кезінде, халық жұмыссыз қалып, табысынан айырылды. Халықтың қиын жағдайы ескеріліп, АӘК тағайындауда мемлекеттік жәрдемақы да табыс көзіне есептелмеді. Осылайша II тоқсанда АӘК мөлшері біршама көбейді. Жағдай бір қалыпқа түскен соң, III-IV тоқсанда зейнетақы аударымдары есепке алына бастады. Сәйкесінше, отбасының табысы көбейген сайын АӘК мөлшері де азаяды. Ал кейбір азаматтардың жұмыс мекемесі 10 пайыздық зейнетақы жарнасын кешіктіріп төлейді. Мұндайда табыс көзі көрінбейді. АӘК мөлшері азаяды. Ал кешіктіріліп түскен қаржы келесі айдың сомасына әсер етеді. Кейде тіпті, АӘК алушы бізге қарыз болып қалады. Ол қаржы келер айдың есебінен ұсталады. Сондықтан да жұмыс орнының 10 пайыздық зейнетақы жарнаңыздың уақытылы аударғанын қадағалаңыз. Егер жұмыссыз қалсаңыз, Жұмыспен қамту орталығына келіп, жұмыссыз ретінде тіркеліңіз. Мемлекет ұсынған жұмыспен қамту шараларына қатысыңыз. Атап айтар болсам, қысқа мерзімді оқулар, ақылы қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, тұрақты жұмыстарға жолдамалар беріледі. Әйтпесе, АӘК тағайындалмайды.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №51-52, 17 желтоқсан 2020 ж