АВТОБУСТАРДЫҢ СИРЕК ҚАТЫНАУЫ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?

238

Шымкент қаласының қоғамдық көлік қатары ұзындығы 10 және 12 метрлік 150 автобуспен толығып, 8 автобустың бағыты өзгерген еді. Жаңа бағыттар 1 желтоқсаннан бастап енгізіліп, кейін жолаушылар наразылығына байланысты бірқатар бағыттар бұрынғы қалпына келтірілді. Олар 1 желтоқсаннан бастап жаңа бағыттармен қатынай бастады. «Менің жұмысымның алдынан өтетін еді, осы көшемен жүрсінші, маған ыңғайсыз болып қалды» деген сын-ескертпелерді назарға алып, 4-желтоқсаннан бастап ол автобустар келесі бағытпен жүре бастады (7 беттегі сызбанұсқаны қараңыз)
«Бұл автобустардың бағыты неліктен өзгерді» деген сауал туындайды. Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасовтан сұрадық.
– Қазіргі таңда автобустардың жүретін жолы алыс болғандықтан олардың бағытын қысқартып, кішкене ғана өзгерттік. Жолаушылар аялдамада ұзақ күтпейді. Тиісінше, бұл ешбір адамға кедергі келтірмейді. «Керісінше көп адамға жақсы болды» деп ойлаймын. Мәселен 27 нөмірлі автобусты халық саны күннен күнге өсіп жатқан «Нұрсәт» шағынауданына жүргіздік. Мұның бұрын жүретін бағытында басқа да автобустар бар,-дейді Жолдасов.
Басқарма басшысының айтуынша қала автобустары көбейіп, интервалдары да қысқарған. Алайда жолаушылар шағымы әлі де айтылып жатыр.

Дамира, студент:
– Студентпін әрі жұмыс істеймін. Таңертең автобусқа отырамын. Алайда 182, 84, 152 нөмірлі автобустар шағын аялдамаларға тоқтамай өтеді. Ішінде адам көп болған соң аялдамаларда тұрған бір-екі адамды алмай кетеді. Жарты сағат күтіп тұрып, тағы да келесі автобусты күтіп қалуға тура келеді. Такси бағасы өте қымбат. Ал автобустар тоқтамай кетеді. Өзім шағын аялдамада тұрған соң кейде орталыққа жаяу баруға тура келеді. Қалада тұрсақ та автобустарды ұзақ күтетініміз қынжылтады.

Расында, автобустар арасындағы интервал жөнінде шағымдар көп айтылады. Бар мәселе осыдан басталады. Яғни, екі автобустің келу арасы ұзақ болса, адамдар да аялдамаға көп жиналады. Адам көп болған соң, сыймайды деп, көп аялдамаларға тоқтамай өтеді.
Бұл сұрақты да Ержан Жолдасовтан сұрадық.
– Иә, бұл сұрақ өте өзекті. Негізі екі автобус арасы, яғни интервалы 10 минут болуы қажет. Қалада ең көп қозғалыста болатын 74 нөмірлі автобус арасы 5 минут. Өте көп жүреді. Басқа автобустардың да арасын барынша жиілетуге тырысамыз. Әсіресе, таңғы және кешкі уақытта адамдар жұмысқа барып-қайтатын кезінде автобустарды барынша жиілетеміз. Алайда халықтың тығыз орналасқанына байланысты осындай шағымдар көп. Жақын арада бұл мәселе де шешіледі. Себебі жаңадан 440 жаңа автобус алып келу жоспарланған. Бұл қалада аз жүретін бағыттағы автобустарға, шалғай елдімекендерге беріледі. Атап,айтқанда 33 шалғай елдімекенге 8,10 және 12 метрлік автобустар жүргізу жоспарда бар (Бозарық, Қайнарбұлақ, Достық). Бұл автобустар 1-2 ай шамасында келіп қалады. Сол кезде интервалдар, яғни халықтың автобусты күтуі азаяды,-дейді Ержан Жолдасов.
Автобустың қайда келе жатқанын бақылап отыратын қосымшаны неліктен орнатпайды екен? Әр автобуста GPS бар. Бұл қосымша қала тұрғындарына өте қолайлы болатын еді.
Ержан Жолдасовтың сөзінше, бұл өте тиімді қосымша. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қолданыста бар екен. Шымкентке де көп ұзамай мұндай қосымшалар енгізіледі.
– Нақты айтқанда келесі жыл, яғни 2021 жылға жоспарлануда. «Неге соған дейін жасауға болмай ма?» деп айтуыңыз мүмкін. Бұл да жаңа айтқан 440 автобустың келуімен байланысты. Сол автобустар келіп, барлығы орналастырылған мезетте мәселе шешімін табады. Мүмкін автобустар жақын арада келсе, жоспарланған мезгілден де жылдам орнатылуы мүмкін,-деді басқарма басшысы.
Шымкент тұрғыны Ғанидің шағымы қыс маусымы келуіне байланысты, автобустардың жиі бұзылуына қатысты екен.
– Қалаға көп қатынаймын. Автобуста жиі жүремін. Байқайтыным, автобус арасында біреуі бұзылса, тағы да күтуге тұра келеді. Автобусты жарты сағат күткенде біреуі бұзылса, аялдамада 1 сағат телміріп тұруға тура келеді. Қазір жаңа автобустар келді, оларды қалада көп қозғалыста жүретін автобустарға берді. Алдыңғы ескі автобустарды резервке қойса жақсы болушы еді. Қыс мезгілінде автобустар жиі бұзылып жатады.Сондай кезде, жолаушылардың күтіп қалмауы үшін резервте автобус болғаны жақсы,-дейді Ғани.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысы Ержан Жолдасовтың сөзінше, олар бұл мәселені де ескеріпті. Яғни, жаңа келген автобустардан резервке автобустар қойылыпты. Бір автобус бұзыла қалған жағдайда дәл сол автобустар лезде жұмысқа шығады.
– Мұндай жағдай осы уақытқа дейін болмаған. Автобустар істен шыққан жағдайда жолаушыларды келесі көлікке тасымалдап, аялдамадағы халық та ұзақ күтетін. Енді мұндай жағдай орын алмайды. Себебі, резервтегі автобустар қашан да сондай жағдайға дайын болады,-дейді Ержан.
Жаңа берілген автобустарда қыс және жаз мезгілінде қолдануға арналған кондиционер, ыңғайлы орындықтар, мүгедектер арбасын қоюға арналған орын бар. Әйтсе де Tolem картасы жұмыс істемейтін автобустар да бар екен. Мәселен, қаладағы 74 бағыттағы автобустардың бірінде электронды төлем істемеді. Мұның себебін кондуктордан сұрағанымда, автобустың жаңа болуымен байланыстырды
— Жаңа автобус берілгеніне бірнеше күн болды. Содан бері бұл аппарат жұмыс істемей тұр. Қолымдағы кішкентайы істейді. Алайда оның қуаты кешке дейін жетпейді. Жолаушылардың жұмыстан қайтатын уақытында сөніп қалады. Олар «бізді өшіріп қойды» деп неше түрлі сөздер айтып кетеді. Басшылары келіп суретке де түсіріп кеткен. Бірақ, әлі нәтиже жоқ. Тезірек істесе екен. Себебі, халық мұны біздің жұмысымыз деп күдіктенеді,-дейді кондуктор.
Сол мезетте «Төлем» жайлы барлық мәселелерге мониторинг жүргізетін бақылаушы автобусқа кірді. Аппараттың жұмыс істемей тұрғанын көрді. Жолаушыларға «Маска тағыңыздар, тексеріс жүріп жатыр» деп ескертті. Жүргізушінің қасына барып ұзақ әңгімелесіп тұрды.
Ержан Жолдасовтың айтуынша, қазіргі таңда 25 адам бақылаушы қызметін атқарып жатыр екен. Жұмыс істемей тұрған Tolem құрылғыларын анықтап, бізге жеткізеді. Соларды қарап, жаңасына ауыстырамыз.
– Аталған карталар бойынша халық көкейіндегі сауалдарға жауап беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Оларға сол үшін ақы төленеді. Қазіргі таңда бізге бақылаушылар жетіспей жатыр. Сондықтан да, біз бұл жұмысқа еріктілерді тартудамыз. Алдағы уақытта тағы да 200 адамға дейін көбейту жоспарда бар,-дейді Жолдасов.

М.Ибадуллаева

«Оңтүстік Рабат», №51-52, 17 желтоқсан 2020 ж