Бірнеше рет сотты болған қызылордалық азамат бейнебақылау камерасы арқылы ұсталды

172

 

Түркістан қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын белгісіз ер адам үйінен ұялы телефоны мен құжаттарын алдап, ұрлап кеткені туралы арызданған.

Жәбірленушінің айтуынша, алаяқ олардың сеніміне кіріп, қиын жағдайға тап болдым деген сылтаумен ақша сұраған. Содан кейін олардың байқамай тұрған сәтін пайдаланып, күдікті Samsung маркалы ұялы телефоны мен оның құжаттарын ұрлап, белгісіз бағытқа қашып кеткен. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы 120 мың теңгеден астам.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобының қызметкерлері мен Түркістан ҚПБ-ның учаскелік полиция инспекторлары жетті. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтарды, көшелер мен үйлерді аралап шықты, бейнебақылау камераларын тексерді, куәгерлер мен көршілерден жауап алды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, сондай-ақ күдіктіні тіркеген бейнекамералар бойынша учаскелік инспектор бірнеше сағат ішінде оның ізіне түсіп, алаяқты ұстады.
Анықталғандай күдікті бұрын бірнеше рет сотталған Қызылорда облысының тұрғыны.

Тергеу барысында күдіктінің Түркістан, Шымкент қалаларында және Қызылорда облысында жасалған алаяқтық пен бөтен мүлікті ұрлаудың 6 жайтына қатысы бар екені анықталды. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған ер азамат қамауда. Айғақты зат ретінде алынған телефон мен құжаттар заңды иелеріне қайтарылды. Полицейлер күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда.