«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілген қызметтер үшін 138 млрд 584 млн теңге төледі. Қаржы кепілдендірілген тегін медициналық көмекке (ТМККК) және МӘМС пакеттері шеңберіндегі қызметтерге бағытталды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қордың филиал директоры Асхат Бейсенбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, биылғы жылы мемлекеттік тапсырысты орындауға 75 медициналық ұйым атсалысқан. Оның ішінде, 35-і жеке меншік клиника.
«Облыс тұрғындарының 81,3 пайызы (1 млн 655 мың 293) медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар. 2020 жылдың 11 айында Түркістан облысы бойынша медициналық сақтандыру аясында 103,3 млн теңге сомасына 69 жоғары технологиялық медициналық қызмет (ЖТМҚ) көрсетілді. Олардың басым бөлігін нейрохирургиялық және гинекологиялық, жүрек, қантамыр жүйесі аурулары бар науқастар қабылдады. Айта кетерлігі, коронавируспен күреске бөлінген жалпы бюджет 18,04 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде медициналық қызметтерге 11 айда – 2,5 млрд теңге, ПТР — 1,7 млрд теңге, медициналық қызметкерлерге наурыздан қараша айына дейінгі қызметі үшін 7,7 млрд теңге үстемақы төленді», – деді, Асхат Асанұлы
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан орталық деңгейде және жергілікті атқарушы органдар корновирустың ықтимал екінші толқынына дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталмыш дертпен ауыратын науқастарға медициналық көмек МӘМС жүйесіндегі сақтандырылу мәртебесіне қарамастан көрсетіледі.