Úı ANONS 199 млн. теңге қарыз

199 млн. теңге қарыз

Шымкенттегі 36 мемлекеттік балабақша қызметкерлерінің әлеуметтік төлемдері 3 айдан бері өтелмеген. Бұған жаңадан қолға алынған пилоттық жоба негіз болған. Ресми орындар қазір қиындықтар болғанымен, жобаның пайдасы көп дейді.

3 айдан бері Шымкенттегі 36 мемлекеттІк балабақша қызметкерлерінің әлеуметтік төлемдері аударылмаған. Нақтырақ айтқанда, міндетті зейнетақы жарналары және медициналық сақтандыруына арналған төлемдер төленбеген. Қарыз көлемі — 199 миллион теңге. Бұл туралы қалалық білім басқармасы мәлім етті.

«Жағдай реттелу үстінде. Қазіргі уақытта қарызды өтеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған кезеңге арналған төлемдер аптаның соңына дейін жүзеге асырылуға жоспарлануда»

ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ

 Басқарма дерегінше, төлемдер қыркүйек айынан бері аударылмаған. Бұған балабақшаларды ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы іске қосу негіз болған. Ресми мәлімет бойынша, пилоттық жоба балаларды балабақшаға қабылдау кезегін және орналастыруды автоматтандыру, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру кезінде бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етеді.

Қабылдау, кезекке қою және қаражат бөлу процестері толықтай цифрландырылады. Бұл ата-аналарға балабақшаға бару және көрсетілетін қызмет сапасын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді.

«Ал қарыздың пайда болуына кейбір балабақша ұйымдарының басшылары тарапынан топтарды қалыптастыру, балалардың нақты баруы және көрсетілетін қызмет сапасын тиісті деңгейде бақылау қамтамасыз етілмегені себеп болған»

ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ

Шымкентте пилоттық жоба 2024 жылдан бастап кірген. Жалпы қалада 644 балабақша жұмыс істейді. Онда 76 мыңнан аса бала тәрбиеленіп жатыр. Әр балаға мемлекеттен 55 659 теңге бөлінеді. Ата-аналар балабақшаны таңдайды және онымен электрондық келісімшарт жасалады. Қазіргі таңда қызметкерлердің әлеуметтік төлемдерін аудару басталған.

Дилара Иса