Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жекеменшік «Березка» балабақшасына жүргізілген жоспардан тыс тексеру нәтижесімен бөлісті. Тексеру кезінде ондаған кемшілік анықталған. Мысалы, балабақшада медицина қызметкері мүлдем жоқ. Ас мәзірі жасалмаған. Сүртінділерден бактерия анықталған.
Нұркен Сәрсенбаев, Шымкент қаласы Абай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары: «Видеодағы бірнеше кемшіліктер расталды, анықталды. Бұл жерде басым көпшілігі кемшіліктердің асхана немесе тамақтану жүйесінде құжаттардың дұрыс рәсімделмеуі немесе мүлдем рәсімделмеуі сияқты сұрақтармен өндірістік бақылау, өзін-өз бақылау деп те айтады. Сонымен қатар барған кезде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатты балабақшада».
Анықталған кемшіліктерге қатысты әкімшілік хаттама түзіліп, балабақша құрылтайшысына 630 мың теңге, 3 қызметкерге 79 мың теңге шамасында айыппұл салған. Қыркүйек айында бірнеше ата-ана балабақшаға барып, шу шығарған. Дау денесі көгеріп барған кіші топтағы тәрбиеленушінің ата-анасының бейнебақылау камерасын ашудан басталған. Камера ашылғанда ата-аналар жағасын ұстап, өз көздеріне өзі сенбеген. Онда бір кесе тамақты бір қасықпен оннан аса балаға бөліп бергенін, балалардың жерде ұйықтағанын көрген.
Балабақша құрылтайшысы ата-аналардың шағымымен келіскен. Кемшіліктерді түзеуге уақыт беруін сұраған еді. Ал қалалық білім басқармасы мән-жайды тексеру үшін тиісті мекемелерге хат жолдайтынын хабарлаған болатын. Айта кетейік, «Березка» бөбекжай-балабақшасы 2020 жылдың тамыз айында ашылған. Онда 3 топта 72 бала тәрбиеленіп жатқан.
Дилара Иса






