twelve years old child sitting in a wheel chair watching other kids getting together in the park while he is left behind

Соңғы жылдары Қазақстанда мүгедек балалар қатары артып барады. Олардың басым бөлігінен аутизм диагнозы табылады екен.

Үкіметтің кезекті отырысында осылай деп дабыл қаққан Білім және ғылым министрі қазақстандық балалар бойындағы кінәраттың тым кеш анықталатынын жеткізді. Мұның себебін Асхат Аймағамбетов елдегі арнайы орталықтың аздығынан көреді.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР Білім және ғылым министрі: «Көбінесе өкінішке қарай балалардың ерекшеліктері мен ауытқулары өте кеш анықталып жатады. Соның салдарынан уақытылы көмек болмағаннан кейін балалардың денсаулығын әрі қарай түзеу де қатты қиындап кететіні анық. Бұл проблеманы шешу үшін осы мәселемен айналысатын арнайы психологиялық дәрігерлік орталықтар желісін арттыру қажет. Бірқатар өңірлерде ПМК желісі жеткіліксіз. Әсіресе, Түркістан, Алматы облыстары мен Шымкент қаласында».

Айта кетейік, ел бойынша 160 мың мүмкіндігі шектеулі жан оқушы мен студент қатарында. Ал, қалған 100 мыңы жұмыс істейді. Сала жауаптыларының айтуынша, ерекше жандардың жұмысқа орналасуына пандемия да әсер етпеген сыңайлы. Тіпті атқамінерлер көрсеткен статистика бойынша биыл екі қолға бір күрек тапқан мүгедектер қатары 23 пайызға артыпты.

Біржан НҰРЫМБЕТОВ, ҚР Халықты еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау министрі: «Еңбекке қабілетті жастағы мүгедек жандардың жалпы санынан бүгінге 100 мың адам немесе 23 пайызы жұмысқа тартылған. Біз 2025 жылға қарай бүл көрсеткішті 30 пайызға дейін ұлғайтуды жоспарлаймыз. «Еңбек» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 13 мың мүгедек жан жұмысқа орналастырылды».

Жалпы Қазақстан бойынша мүмкіндігі шектеулілер саны 705 мыңнан асады. Олардың 94 мыңы Түркістан облысында тұрады екен. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің сөзінше күнгейде мүгедектерге оңалту орталықтары жетіспейді. Кемшіліктің орнын толтырамыз деген аймақ әкімі келер жылы 6 орталықтың ашылатынын айтады.

Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі: «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту шараларымен қамтамасыз ету үшін бюджет жылдан жылға өсіп келе жатыр. Былтырға қарағанда 22 пайызға ұлғайды. 4 млрд. 800 млн. теңге бөлінді. Нәтижесінде 34 мыңнан астам адам техникалық құралдармен және әлеуметтік қызметтермен қамтылды».

Биыл денсаулығында кінәраты бар жандар үшін бюджеттен 448 млрд. теңге бөлінген екен. Бұл сома өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға артық. Жарты трлн теңгеге жуық бұл қаржы мүмкіндігі шектеулі жандардардың әлеуметтік төлемі мен керек-жарағына арналған.

Назерке Үкібасова