Тәуелсіздік күніне орай Түркістан облысы медицина саласының мамандары марапатталды. ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес азаматтардың денсаулығын сақтаудағы табанды да қажырлы еңбектері үшін ұсынылған мемлекеттік наградаларды ақ халаттыларға облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов табыс етті.

«Еліміз тәуелсіздік алған 29 жыл ішінде ынтымақты ұран, татулықты ту ете отырып, толағай табыстарға қол жеткіздік. Соның ішінде медицина саласы да қарыштап дамып келеді. Еліміздің денсаулық сақтау саласының даму деңгейі әр ақ халатты жанның қосқан үлесіне, білімі мен тәжірибесіне байланысты. Халықтың денсаулығы мен жарқын болашағы үшін күресте медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі орасан. Бүкіл әлемді шарпыған пандемиямен күресте дәрігерлердің табандылығы осының айшықты дәлелі деуге болады»,-деді Арман Сәбитов.

Салтанатты шарада дәрігерлер мен орта және кіші буын медицина қызметкерлері «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Шапағат» медалімен және ҚР «Құрмет» грамотасымен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, сондай-ақ, «Еңбек ардагері» медалі және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталды.
Мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ұсынылған мемлекеттік марапаттар облыстағы барлық медициналық ұйымдардың үздіктеріне жолданды.