«Түркістанда Downtown салуға әзірлік жасалып жатыр» – Рашид Аюпов

86

Түркістан қаласы жаңа мәртебе алып, облыс орталығы атанғанына да 2 жылдан асты. Тұтас қала құрылыс алаңына айналып, күн санап өзгеріп жатыр. Осы орайда Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов Отырар TV телеарнасының тікелей эфирде шығатын «Халық пен билік» бағдарламасына келіп, жүргізушілер мен көрермендер сұрағына жауап берді. Сол сауалдардың бір парасын мәтінге айналдырып, жариялап отырмыз.

– Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыс нәтижесін баяндап берсеңіз…
– Атқарылған жұмыс өте көп. Бұған өздеріңіз де куә болып жүрсіздер. 2018 жылдың қыркүйегінен бері құрылыс жұмыстары тоқтамады. Біздің бір бағытымыз – осы әлеуметтік жағдайды жақсарту болса, екінші бағытымыз қала инфрақұрылымын дамыту. Былтырдан бері көптеген жетістікке жеттік. Пандемия кезеңінде құрылыс қарқыны сәл саябырсып, кейбір ғимарат құрылысын бітіре алмай жатқан жайымыз бар. Түркістан қаласы екі орталықтан тұрады. Біріншісі – тарихи-мәдени орталық. Бұл – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі айналасында 290 гектар жер. Соның 24 гектарына туризмге маңызды қабылдау орталығы, музейлер, театрлар салынып бітіп қалды. Екінші бағытымыз – әкімшілік-іскерлік орталығы. Бұл Түркістанның жаңа бағыты. Мұнда әкімшілік ғимараттардан бөлек, тұрғындарға арналған биіктігі 9 және 12 қабатты 89 үй салынып жатыр. Елбасының биылғы күзде келгенде айтқан тапсырмасына сәйкес сол аймаққа «downtown» салуға әзірлік жасалып жатыр.
– Түркістан қаласының қоғамдық көлік саласына сын-ескертпелер айтылып жатыр. Қашан жаңа автобустар беріледі?
– Қала әкімі қызметіне тағайындалған кезде тұрғындармен алғашқы кездесуімде ең көп түскен сұрақ осы қоғамдық көлікке қатысты болды. Сол кезде-ақ халықтың бұл салаға көңілі толмайтынын байқадым. Естеріңізде болса, осы қоғамдық көлік ішіндегі жас баламыздың фотосы әлеуметтік желіге де таралды. Бұл жерде айта кету керек, қоғамдық көлік саласына қатысты бір ғана қызмет көрсететін компания бар. Сол компания біздің сұранысымыз бойынша өткен жылы несиеге 27 автобус алған болатын. Бірақ бұл үлкен қала үшін көзге көрінбейтіні анық. Қазір облыс әкімінің тапсырмасымен жаңа автобустар алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Биылғы пандемияға байланысты біраз компаниялар арнайы конкурсқа қатыса алмады. Сонымен конкурс өтпеді. Дегенмен бұл жұмысты тоқтатпай, жалғастырып жатырмыз. Қаңтар айынан бастап Түркістан қаласының тарихында бірінші рет субсидия қарастырылмақ. Қоғамдық көлікке Шымкент компаниялары келіп қалуы да мүмкін. Қазір сол жұмыс бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз.
– Түркістан қаласына инфрақұрылым жүйесін тарту жұмыстары қалай орындалып жатыр?
– Кез келген қалада инфрақұрылым жүргізілмеген жерге тұрғын үй салу заңмен шектелген. Біріншіден, инфрақұрылым толық жүргізілуі керек. Сосын барып үй салуға жер беріледі. 90-жылдары көптеген азаматқа жер берілді. Үй салды. Енді соның себебінен инфрақұрылым жеткізіп үлгере алмай жатырмыз. Сосын да көптеген тұрғындарымыз «Балаларымыз мектепке баратын кезде жүре алмайды, жедел жәрдем шақырған кезде көшеге кіре алмайды» деп шағым айтады. Қазір пандемия кезінде азаматтарды қабылдауға рұқсат берілмейді. Тек қана онлайн қабылдау болады. Біз СЭС қызметкерелерімен келісе отырып, аудандарға барып, халықпен кездесіп жатырмыз. Кездесу нәтижесінде «бірнеше көшеге тастан жол төсеп береміз» деп уәде еткен болатынбыз. Қазір осы жұмыстарды істеп жатырмыз. Уәдемізде тұрып, айтқан уақытта толыққанды аяқтап береміз.
– Түркістан қаласының қызмет көрсету орындары, тамақтану орындары, қонақ үйлері туралы орталықтандырылған мәлімет базасын табу қиын екен. Мұны қалай шешуге болады?
– Мұны тұрғындарымыз да, туристеріміз де сұрайды. Осы бағытты бір жүйеге келтіру үшін Amazing Turkestan сайтын аштық. Кейінірек соған мобилді қосымша жасадық. Қосымшаға кіріп, әр адам мейрамханалар, дәмхана, дәріхана және тағы басқа да мемлекеттік маңызы бар объектілер бойынша толық ақпарат алады. Барлығы қамтылған. Бүгінгі күнде Amazing Turkestan қосымшасын пайдаланушылардың саны 80 мыңға жетіп қалды. Әзірге шағым жоқ. Қолданушылар разы.
– Түркістан қаласындағы жеке сектор үйлерін орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу жұмысы қалай жүргізіліп жатыр?
– Бұл мәселе бойынша үкіметтің қойған талабы және тапсырмасы бар. Бұл бағыттарға республикадан арнайы қаржы да бөлінген. Қазір қаламызды жеті секторға бөліп тастап, сол бойынша кәріз жүйесін орнатып жатырмыз. Былтырдан бері үш секторды толық аяқтадық. Қалған төртеуінің жобалық сметалық құжаты қалай дайын болады, дереу іске кірісеміз. Бұл жұмысты тоқтатпадық. Бұрын жеке үйлерді кәріз жүйесіне қосу бойынша бар-жоғы 5% жұмыс атқарылған болса, бүгінде 28 пайызға жетіп қалды. Ал көпқабатты үйлерді қосатын болсақ, қазір 30%-дан асып кетті.
– Түркістан қаласының құрылыс саласындағы қызметкерлерінің айлығын кешіктіру мәселесі неден туындады?
– Иә, бұл орынды сұрақ. Қалада уақытылы айлық төлемеген 4 мекеме болды. Біреуі – Түркістандағы халықаралық әуежайды салуға қатысқан компания. Құрылыс саласында тағы 3 компания болған. Екеуі, өкінішке қарай, жұмыстарын соңына дейін жеткізе алмады. Біреуі қазір келісімшартын күтіп отыр. Соған байланысты қызметкерлеріне айлығын уақытылы бермеген. Бұл жерде айтып өтейін, келісімшарт бар кез келген жерде арнайы инспекция бар. Сондықтан жалақасын ала алмаған жұмысшылар Еңбек инспекциясына шағымданса, міндетті түрде айлығын алады.
– Баспана кезегіне тұрған адамдарға берілетін пәтер жайы не боп жатыр?
– Қазір салынып жатқан 9 үйдің 7-нің құрылысы аяқталды. Осы жеті үйдегі 420 пәтер беріліп жатыр. Бұлан бөлек, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы берілетін 7 үйдің конкурстық процедурасы бітті. Енді сол конкурсқа қатысқан адамдар нотариус арқылы бағалау жасап, пәтерлерін алады. Біз уәде еткендей, қараша айының соңына дейін жұмыстың бәрін аяқтадық.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №51-52, 17 желтоқсан 2020 ж