ҮЙ-ЖАЙЫ ЖОҚТАР ҚОНЫСТАНҒАН ОРТАЛЫҚ

183

Шымкентте де күн суытты. Баспанасыз жандардың халі қиындайтын кезең. Барар жері, басар тауы жоқ адамдардың қазіргі жағдайы қандай болмақ? Қайда барып, паналайды? Кімге барып, нан сұрайды?

Қаламызда сондай жандарға көмек қолын созатын мекеме бар. «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы» деп аталады. Бұл орталық 2000 жылдан бері қарқынды жұмыс істейді. ҚР Үкіметінің 16-наурыздағы №408 қаулысы негізінде құрылған. Орталыққа барып, сонда қоныстанған адамдардың жағдайын біліп қайттық.
Мекеме 160 төсек орынға шақталған екен. Алайда бүгінде бұл орталықты 175 адам паналауда. «Қыс ортасында адам саны тағы да артады» дейді мұндағылар. Қоныстанушылардың көбі – егде жастағы кісілер. Тіпті арасында жастар да бар. Солардың бірі – 30 жастағы Николай. Тепсе темір үзетін ер азаматтың бұл орталықты паналағанына 5 жылдай болыпты. Кейіпкеріміздің мұндай халге түсуіне не себеп болды екен? Өзінен сұрап білдік.

Николай:
– Кішкентайымнан Сайрамдағы балалар үйінде тәрбиелендім. Ата-анам қайтыс болған. Олар болмаған соң ағам, әпкем үшеуміз балалар үйінде тәрбие алдық. Бауырларым қазір де бар. Осы Шымкент қаласында тұрады. Кішкентайымызда балалар үйінде бірге тәрбиелегенгенімізбен қазір мүлде араласпаймыз. Бүгінде өзім II-топ мүгедегімін. Ешқандай жұмыс істемеймін. Осыдан 10 жыл бұрын жол апатына түстім. Сол кезде құрылысшы болып істейтінмін. Жол апатынынан соң, ешқандай жұмысқа жарамай қалдым. Қазір қалалық психоневрологиялық диспансерде есепте тұрамын. Мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін жәрдемақыға ғана күн көремін. Басқа ешқандай табыс жоқ. Сол себепті осы орталықты паналаймын. Жәрдемақы жалдамалы пәтер алып тұруыма жетпейді. Ал қыс мезгілінде күнкөрісім тіптен қиындайды. Қалың киім, ыстық тамақ, жылы үй табу өте қиын. Басты арманым – жетім балаларға мемлекеттен берілетін баспанаға қол жеткізу. Сонда ғана отбасын құрып, бақытты өмір сүруіме мүмкіндік болады деп ойлаймын. Осыдан бірнеше жыл бұрын үйім жоқтығына байланысты сүйген қызым тастап кеткен. Оның да денсаулығында психологиялық ауытқуы бар еді. Басты себеп – ата-анасының қарсы болуы. Менің баспанам болмаған соң екеуміз екіге айырылдық. Алайда болашақта үй алсам, сол қыз маған қайта келетініне сенімдімін. Алдағы басты мақсатым осы. Менің де отбасын құрып, балаларыма жақсы әке болғым келеді. Ұрпақ тәрбиелеп, бір отбасының отағасы болу менің де арманым. Барлық мәселе менің жеке баспанамда болып тұр. Соның да жақын арада шешілгенін қалаймын. Жалпы бұл орталыққа барар жерім жоқ болған соң, амалсыз 2015 жылы келіп, орналастым. Содан бері осында паналап келе жатырмын. Арасында жеке өтініш етіп, босатылып қайта келемін. Бұл жерде жағдай жақсы жасалған, ыстық тамағымыз, таза киімдеріміз бар. Бұл орталықты тапқаныма қуанамын. Әйтпесе қазіргі менің жағдайым қандай болар еді? Өзімде білмеймін.
Айтуынша, ол мұнда қысы-жазы паналамайды. Тек күн суытып, аяз түскен кезде ғана келетін көрінеді. Бұл орталықтың есігі кәмелет жасқа толған, жеке басын анықтайтын құжаты жоқ, тұрғылықты баспанасынан айырылған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметі есебінде тұратын әр азаматтарға ашық.
Бейімдеу орталығының әлеуметтік маманы Дариға Сәбитованың айтуынша орталық тарапынан мұндай жандарға 7 бағыт бойынша көмек беріледі.
Дариға Сәбитова, «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығының» әлеуметтік маманы:
– Қазір біздің орталықта 175 адам тұрып жатыр. Олардың 102-сі ер адам болса, 73-і әйел кісі. Оларға күніне үш мезгіл тамақ беріліп, таза киімдермен қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ біздің орталық келушілерге 7 бағыт бойынша қол ұшын созады.
Атап айтқанда:
– Әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер;
– Әлеуметтік-медициналық қызметтер;
– Әлеуметтік-психологиялық қызметтер;
– Әлеуметтік-еңбек қызметтер;
– Әлеуметтік-мәдени қызметтер;
– Әлеуметтік-экономикалық қызметтер;
– Әлеуметтік-құқықтық қызметтер;
Орталыққа қоныстанатын азаматтан Соvid-19 ауруына ПТР тест алынады. Алғаш келген жандар орталық көлігімен қалалық №4 емханаға жеткізіледі. Денсаулығының жақсы екені анықталған соң ғана орталыққа қабылдаймыз. Осы уақыт аралығында Covid 19-індетін жұқтырған адам болмады. Болмасын деп те тілейміз. Медициналық көмектен соң психологпен сұқбат болады. Содан кейін ол адамның құжатттанғандығын тексереміз, яғни, әлеуметтік бағытына байланысты сұраныс айқындалады. Осы мәліметтер негізінде жұмыс жүргізіледі.
Бұған дейін мекемеден қызмет алушылар арасынан 45 азаматқа жеке басын анықтайтын құжат ресімделген. Сондай-ақ ем қабылдау мақсатында 41 қызмет алушы медициналық ұйымдарға орналастырылса, 4 адамға жасына байланысты зейнеткерлік тағайындауға ықпал етілген.
– Ал 7 мүмкіндігі шектеулі жанға жәрдемақы тағайындалуына көмек бергенбіз. 12 азамат санаторий-курортқа ем қабылдау үшін кезекке қойылса, ал 7 азаматқа емдеу-сауықтыру шараларын қабылдауға жағдай жасалды,-дейді Дариға Сәбитова.
Қазақстан Республикасында карантиндік режим енгізілуіне байланысты мекемеде уақытша жатып қызмет алушы табысынан айырылған 9 адамға 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек алыпты. Nur Otan партиясы ұйымдастырған «Біз біргеміз» акциясы аясында әлеуметтік көмек алу үшін I және II-ші топтағы мүгедек 15 қызмет алушыға құжаттарын рәсімдеу барысында көмек көрсетілген.
– Жалпы орталықта қыс мезгілінде адам саны күрт көбейеді. Мекеме 175 адамға ғана арналса да келушілердің саны одан да артып кетеді. Қақаған аяздың кезінде жұмыс тауып қарын тойдырудың өзі қиын. Ал баспанасы жоқ жандар үшін бұл тіпті күрделі мәселе. Сондықтан да біз ешбір адамның көкірегінен итермейміз. Қолымыздан келгенше қол ұшымызды созуға дайынбыз,-дейді Дариға Сәбитова.
Орталық қызметкерлерінің сөзінше, мұнда кез келген көмекке зәру адам келіп, көмегіне жүгіне алады екен. Мекеме Шымкент қаласы, Забадам шағын ауданы, Б.Саттарханов көшесі №3А үйінде орналасқан.
Егер далада қонып, қайда барарын білмей жүрген кісілерді білсеңіз, осы мекенжайға жол сілтеуіңізге әбден болады. Мұнда аяғынан тік тұрып алғанша уақытша қызмет алса, уақыт өте келе жағдайын түзетуіне мүмкіндік бар.
Сондай-ақ әлі күнге дейін құжаттанбаған жандарға да көмек береді. «Жақыныңа жанашыр бол». Көз алдымызда жүрген мұндай жандарды мүсіркемей, керісінше олардың жақсы жағдай жасауына титтей де болса үлесімізді қоса білейік.

Мөлдір Ибадуллаева

«Оңтүстік Рабат», №51-52, 17 желтоқсан 2020 ж