Жаңа жылдық кештер тойлана ма?

155

 Шымкент қаласының шетіндегі бұл мейрамхана таңертеңнен бастап қонақтарды қарсы алуға дайын. Бірақ олар бүгін бола ма, жоқ па белгісіз. Бірнеше ай бойы тоқтап тұрғанымен қоса, енді уақыт пен қонақтар санының шектеулері бизнеске кері әсер етті. Халық мейрамханаларға сирек барады. Осы жылдың соңғы мерекесі жаңа жылдық корпоративтерді өткізу де мүмкін болмай тұр.

Шолпан ТӨЛЕГЕНОВА, әкімші: «Бізге өтініштер келіп түсуде, телефон қоңыраулары да келіп түсуде. Бірақ карантинге байланысты біз банкеттерді әлі қабылдай алмаймыз. Біз, әрине, жақсы жаңалық болады деп үміттенеміз».

Өзінің бет-әлпеті мен аты-жөні жасыруды сұраған мына бір асаба қатаң тыйым салынғанына қарамастан, оған мерекені өткізуге ұсыныстың түскенін алға тартады.

АЛМАС, асаба: «Биыл менде ондай тапсырыстар өкінішке орай жоқ. Тек бір адам ғана хабарласты. Шығасыз ба, жұмыс істеп жатсыз ба деп. Былайша жоқ. Әріптестерімнен естуім бойынша көптеген компаниялар, мейрамханалар ойлану үстінде. «Жаңа жылдық кештер алайық па? Әлде айыппұл төлейік пе?» деген ойда. Қорқыныш сезімі де, ақша тапсам ба деген ой да болып тұр».

Жаңа жылдық кештерді өткізу үшін коттедждерді жалға беруге олардың иелері де дайын. Біз бірнешеуіне қоңырау да шалып көрдік. Олар ешқандай мәселе болмайды деп отыр.

Ал, санитарлық дәрігерлер корпоративті кештерге және кез-келген қоғамдық іс-шараларға тыйым салынғанын айтады.

Әбдіманап Төлебаев, Шымкент қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы: «Координациялық орталық құрылған. Ақпарат түскен жағдайда ол нысандарға тексеру жұмыстары жүргізіледі. Ол да болса заң аясында СПСИ органдарына тіркелу арқылы».

Карантин ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдардың өлшемі аз емес. Жеке тұлға мерекені ұйымдастырғаны үшін 83 мың теңге, жеке кәсіпкерлер 638 мың теңге, ал ірі бизнес өкілдері 4,5 миллион теңге төлейді.

Олжас Айдарбек