Әкім тұрғындардың талабымен қатаң сөгіс жариялады

551

Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Күнделікті жұмысымыз тоқтаған емес. Басқа да жұмыстардан бөлек, бүгін қаламызда салынып жатқан канал құрылыс барысын көріп қайттым. Жаздыкүні ықпалы да пайдасы да сезілер деген жұмыстар қазірден қарқын алып жатыр. Кеше бірқатар бөлім басшыларымен алдағы маусымға даярлық барысын талқыладық. Су тасқынының алдын алу жұмыстары жайлы ақпарат алып, жұма күні жұмыс барысымен танысып қайтамын деп жоспарлап отырмын.

Даярлық демекші, қандай жағдай болмасын алдын ала ескеріліп, қажетті шаралар жасалуы маңызды екені баршамызға белгілі. Еш әрекет жасалынбады емес, бірақ алдыңғы күндері басымызға түскен апаттық жағдай болжамымыздан асып түсті. Салдарынан 979 дана трансформатордың 100-ге жуығы жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарын жүргізуге, істен шыққандарын жаңасына ауыстыруға тапсырма бердім. Жуық арада, кезек кезегімен бұл жұмыстар да, өзгелерімен қатар жасалынатын болады.

Пікір арасында “Инфрақұрылым және коммуникациялар” бөлім басшысын лауазымынан босату жайлы талаптарыңызды да көріп отырмын. Талаптарыңыздың себебін де түсінемін. Бірақ, Нұрлан Бектұрсыновтың жұмысқа келе атқарған бар жұмысын жоққа шығаруға да болмайды деп ойлаймын. Былтырғы қиындықтарға қарамастан, халық игілігіне деп жасаған еңбегі де еленуі қажет. Бұған қоса, инфрақұрылымдық сала тұрақты басшының болуын қажет ететін салалардың бірі. Дегенмен, болжамдарға сүйене атқарылған дайындық жұмыстарынан тыс біршама кемшіліктер бар екені анықталуына байланысты, Нұрлан Бектұрсыновқа қатаң сөгіс жариялансын деген шешім қабылдадым. Бұл шешім әр бір әріптесіме де ескерту болсын дегім келеді.

Халықтың қолдауы мен алғысы болуы үшін жұмысымыз да тиянақты болуы керек екенімен келісерсіздер. Кей қателіктер өз жерлестерімізге қиындық тудыруы – ауыр жүк. Бұндай жағдайдың қайталанбауы үшін бар күш-жігерлеріңізді салуларыңыз – менің ғана емес, тұрғындардың да талабы», – делінген жазбада.