COVID-19 емдеуге дәрі-дәрмектер қоры жеткілікті

224

Коронавирус індетін жұқтыру бойынша Шымкент қазіргі таңда «жасыл аймақта». Сала мамандарымен шаһар «қызыл аймақта» бола қалған жағдайы да қарастырылуда.

Бүгінде СК «Фармация» тарапынан дәрі-дәрмектердің жеткілікті қоры жасалған. Коронавирус індетіне шалдыққандар саны күрт көбейген кезде Шымкенттен бөлек күнгей өңірдегі стационар, ауруханалар, емханалар тапсырыс бойынша дәрі-дәрмектер және медициналық жеке қорғаныс заттарымен қамтылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшылығы, жобалық кеңсе және қоғам өкілдерінен жасақталған арнайы топ Шымкенттегі ірі дәріханалар желісінің қоймаларының бірінде болып, «СК Фармациямен» әзірленген қажетті дәрілік заттар түрлерінің қорын тексерді. Коронавирусты диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамалары шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау бойынша да мониторинг жүргізілді.

«Бүгінде COVID-19 емдеуге дәрі-дәрмектер қоры жеткілікті. Қоймадағы мына сөрелердегі қораптардағы дәрілер мерзімі бойынша сарапталып үнемі толықтырылып отырылады»,- дейді осындағы мамандар.

Мария ХАСЕНОВА,  дәріханалар желісі  компаниясының бөлім басшысы: «Денсаулық сақтау министрілігі бекіткен коронавирусты емдеуге арналған дәрі-дәрмектің түр-түрі осында, жеткілікті қоры бар. Өздеріңіз көргендей әрбір қорапшада дәрі-дәрмектің атауы, қай қажеттілікке керектігі барлығы жазылған. Біз амбулаторлық және стационарлық емдеу мекемелерін дәрі-дәрмектермен қамтып отырмыз. Бұдан бөлек, дәрі — дәрмектердің қоры ауруханаларда және медициналық сақтандыру ұйымдарында да жасалады. Былтыр ауруханаларда орын алған дәрі-дәрмектер тапшылығын болдырмау мақсатында екі ай мен жарты жылға дейін дәрі-дәрмектердің қоры жасалынған».

Қоймада дәрілерден бөлек, гуманиитарлық көмек ретінде шетелден жеткізілген медициналық қорғаныс заттары — 50 мың дана бетперде, осы мөлшерде бахилалар мен медициналық жеке қорғаныс киімдері сақталады. Арнайы топ тек қоймалардағы дәрілердің сақталуы және жеткілікті қоры бойынша мониторинг жүргізіп қана қоймай, дәріханаларда болып сала министрлігімен бекітілген 40-қа жуық дәрілердің шекті бағадан аспауына да бақылау жасайды.

Шынар Оразова