Планшеттің көмегімен заң бұзғандығын мойындатқан мас жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты

111

 

Түркістан облысы Ордабасы ауданының полицейлері көшелерді патрульдеу кезінде жол қозғалысы ережесін бұзған «Audi 100» маркалы автокөлікті бірден байқайды.

Көлік жүрісі күмән туғызғандықтан, патрульдік полиция инспекторлары оған тез арада тоқтау керектігін ескертіп, хабарлайды. Алайда жүргізуші полицейлердің ескертуіне құлақ аспастан, одан әрі жол ережесін бұзуды жалғастырып, жылдамдықты белгіленген шектен тыс асырады. Полицейлер оның соңынан бір сағат бойы қуып, тоқтатуға тырысады. Ізін жасыруға тырысқан жүргізуші жылдамдықты асырған бойы үйіне жетіп, соңынан келген полицейлерге дым болмағандай кейіп танытып, қулыққа бармақшы болады. Алайда қырағы полицейлер күмән тудырған көлікті қуып келе жатып, қызметтік пайдалану үшін берілген планшеттің көмегімен болған жайтты бейнежазбаға түсіріп алған. Ер азаматқа оның жасаған заң бұзушылығы бар бейнежазбаны көрсеткеннен кейін, жауапкершіліктен қашпақ болған жүргізуші өз іс-әрекетін толық мойындады.

Осыдан соң жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші полиция бөліміне жеткізілді. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан масаң күйде көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын жүргізуді алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан масаң күйдегі адамға беруі» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді.

Тағайындалған сараптамалар, жүргізушінің көлікті басқару кезінде мас халде болғандығын айқындады. Осыдан соң полицейлер күдікті ер азаматқа қатысты барлық дәлелді құжаттарды жинақтап, сотқа жолдады.

Ордабасы аудандық сотының шешімімен мас халде бола тұра, көлік тізгіндеп, онымен қоса жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші 15 (он бес) тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынып, 7 (жеті) жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Құрметті жүргізушілер, жол жүргенде және көлік тізгіндегенде жүктелген жауапкершілікті сезінгендеріңіз жөн. Өзіңіз бен жол қозғалысына қатысушы адамдардың, жаяу жүргіншінің өмірі сіздің жол ережесін қатаң ұстануыңызға байланысты! Жүргізушілер естеріңізде болсын: көлік басқарғанда алкоголь немесе есірткіні пайдаланудың салдары қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан жол ережесін сақтаңыз!