Жүргізуші куәлігін көрсету міндеттелмейді

225

Қазақстандық көлік жүргізушілері енді куәлік көрсетуге міндетті емес. Сенат отырысында осы жайлы заң жобасы ұсынылды.

Жоғары палата депутаттары жеке куәлікті көрсету арқылы бүкіл құжатты ұсынуға болады дейді. Жауаптылардың бұл ұсынысына ел полицейлері де дайын екен.

Нұрлан БЕКНАЗАРОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Автокөлік иесін полиция тоқтатқан кезде ол жеке куәлігін ұсынып, сол куәлікпен полиция қызметкері планшет арқылы электронды базаға еніп, оның қажетті басқа құжаттары бойынша тексеру жүргізе алады».

Еске салайық, бұған дейін халық қалаулылары көлік иелерінің өзімен құжат тасымай жүруін ұсынған еді. Оның орнынан жеке куәлікке бар құжатты орнату керектігін жеткізген. Көлік жүргізушінің қолында құжаты болмаса айыппұл салынып келді. Ал оның соммасы 14 585 теңге.

Нұрлан БЕКНАЗАРОВ, ҚР Парламенті сенатының депутаты: «Құқықбұзушылық кодекстің азаматтардың жүргізуші көлік куәлігін тіркеу туралы куәлікті өзімен бірге алып жүруді міндет ететін нормалардың сақталмағаны үшін әкімшілік жауапкершілігін алып тастау ұсынылып отыр».

Осылай деген депутаттар соңғы жылдары жол апатының азайғанын айтады. Соңғы 3 жылда Қазақстанда 45950 жол көлік оқиғасы тіркелген. Кесірінен 60 469 азамат жарақат алса, 6 498 жолаушы ажал құшыпты. Қайғылы оқиғаға негізінен ескі автобустар да кесірін тигізіп жатады екен.

Ләззат СҮЛЕЙМЕН, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «ІІМ ақпаратына сәйкес бүгінгі күні елімізде 4 млн. 338 мың 639 көлік құралдары тіркелген. 2020 жылы ғана 561 719 Қазақстан азаматы жүргізуші куәліктерін алды. Талқыланып отырған заң жобасына сәйкес жүргізушінің өзімен бірге куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәліктің болуын міндеттейтін нормаларды алып тастау ұсынылып отыр. Осыған байланысты жүргізушілер құжаттарының өзімен бірге болмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтын болады».

Бұдан бөлек, Жаңа заңды мақұлдаған депутаттар 20 жылдан аса уақыт жұмыс істеген автобустарды жаңарту керек деп отыр.

   Назерке Үкібасова