Дәрігер COVID-19-бен ауырмаған және вакцина салдырмаған адамдарды не күтіп тұрғанын айтты

151
фото sputnik.kz

Иммунолог коронавируспен ауырмаған және оған қарсы иммунитеті жоқ адамдарға қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес берді, — деп хабарлайды Sputnik.

Коронавирус жұқтырмаған және вакцина салдырудан бас тартатын адамдарға ұжымдық иммунитет көмектесе ме? Бұл сұраққа аллерголог-иммунолог Владимир Болибок Sputnik радиосына берген сұқбатында жауап берді.

Дәрігердің айтуынша, ұжымдық иммунитеттің жеке адамға еш әсері жоқ. Иммунитеті жоқ адам науқаспен байланыста болғаннан кейін ауырып қалуы мүмкін.

«Денсаулығына байланысты ол адам коронавирус инфекциясының жеңіл формасына немесе ауыр түріне шалдығуы мүмкін. Ұжымдық иммунитеттің пайда болғанын күту эпидемияға қарсы шараларды, мәселен, шектеулерді сақтау немесе алып тастауды жоспарлаған кезде ғана маңызды», — деді Болибок.

Иммунолог коронавируспен ауырмаған және оған қарсы иммунитеті қалыптаспаған адам қауіпсіздік шараларын сақтауы тиіс екенін атап өтті.

 

«Егер адам вирус жұқтырмаса, онда ол барлығын дұрыс істегені. Тек қауіпсіздік шараларын одан әрі сақтауы керек. Қазір індет бәсеңдеген жоқ, инфекцияның таралу жолдары әлі де көп», — деп ескертті дәрігер.

Оның пікірінше, COVID-пен ауырып шықпаған және екпе ектірмеген адамдар үшін қандай да бір айрықша шектеулердің пайда болуы екіталай.

«Коронавируспен ешқашан ауырмаған адамдардың қоғамдық-әлеуметтік мәртебесі өзгереді деп айта алмаймын. Реттеу деңгейінде шешімдер қабылдануы мүмкін. Мәселен, белгілі бір мекемелерге тек вакцина салдырған адамды жұмысқа қабылдау сияқты», — дейді Болибок.