Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің көшпелі кеңесі өтті

289

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің  Шымкент, Алматы, Алматы облысы, Қызылорда облысы, Жамбыл облысы мен  Түркістан облысы бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша атқарған жұмыстары туралы көшпелі кеңес өтті.

Еліміздің Оңтүстігіндегі өңірлерден жиналған әлеуметтік сала мамандары Шымкентегі әріптестерінің жұмысымен танысуда. Мүгедектікті тағайындауда медициналық-әлеуметтік сараптама және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Шымкент қаласында жүйеге қойылған тәжірибе үлгі тұтарлық,- дейді алматылықтар.
Мәдина ТӘҢІРБЕРГЕНОВА, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары: «Бізде мұндай мүмкіндік жоқ, ғимарат керек. Шымкенттегі департаментте кіре берістен барлығы қарастырылған, азаматты қабылдау, оған қызмет көрсету. Осы көргенімізді барған соң енгізуге тырысамыз».

Қазақстанда бүгінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны 700 мыңға жетіп қалған. Ал Шымкент қаласында аталған категориядағы адамдардың саны 36 мыңнан асады. Мүмкіндігі шектеулі балалардың саны – 6 346. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы санаттағы азаматтарға қызмет ашық еш кедергісіз көрсетілуін қамтамасыз ету бағытында жұмыс атқаруда. Алайда кемшіліктер де жоқ емес. Салада жиі кездесетін кемшіліктер мүгедектікті тағайындауда орын алады.

Ербол НҰРҒАЛИЕВ, Еңбекәлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы: «Кемшіліктер бар. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында  департаменттегі бөлмелерге камералар орнатылған. Түсірілген материалдар 4 ай сақталып тұрады».

Кеңес барысында әр облыс бойынша ұсыныстар мен сын ескертпелер хаттамаға енгізіліп, олар бойынша министрлік, комитет  алдағы уақытта жұмыс жасайды. Мақсат Еңбек, әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты мекемелерде қызмет көрсетудің сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу.

Шынар Оразова