Шымкентте инвесторлар көмегімен 4 емхана салынады

118

Шымкент қаласында жалпы 123 денсаулық сақтау мекемесі бар. Оның 36-ы мемлекеттік болса, 87-сі жекеменшік мекеме. 38 ұйым стационарлық, 78-і амбулаториялық қызмет көрсетеді. Онда 4069 дәрігер мен 9581 орта буынды медицина мамандары жұмыс жасайды.

Өткен жылы 2 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, бір ауысымда 250 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар «Атамекен» емханасы соғылды. Мекеме Қайтпас-1, Таскен, Нұртас шағын аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Ал, екінші нысан Асар шағын ауданынан бой көтерген қалалық инфекциялық орталық. Модульді ауруханада бүгінгі таңда пневмония, коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастар ем қабылдауда.

Сонымен қатар, 7 мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде №2 «Форфоршылар ауруханасы» толық қайта жөндеуден өтті. Мұнда соңғы үлгідегі ангиограф аппараты орнатылды. Сайрам елдімекенінде орналасқан қалалық №3 ауруханаға күрделі жөндеу жұмысынан кейін КТ, рентген, УЗИ аппараттары орнатылды.

Денсаулық сақтау басқармасының алдағы жоспарларына сәйкес, инвесторлар көмегімен 4 емхана салынбақ. Олардың қатарында №9, 11, 12, 14 емханалар және 400 орындық балалар мен ересектерге арналған реабилитациялық орталық бар. Бұдан өзге қалалық босану үйі аумағында қосымша 200 орынға лайықталған босану үйінің корпусын салу жоспарда тұр.