Тұрмыстық зорлық-зомбылық үш есе көбейген

130

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық жыл өткен сайын көбейіп барады. Бұл туралы «Не молчи» қоғамдық қорының өкілдері дабыл қағып отыр. Әсірере, өз үйінде тоқпақтан арыла алмай жүргендер Түркістан облысында жетерлік. Кесірінен нәзік жандыларға қорғанды сырттан іздеуге тура келеді. Осылай деген белсенділер оларға полицейлердің пайдасы болмай тұрғанын айтады.

Алиса МАСАЛЕВА, тілші: «Былтыр Сайрам ауданындағы бір келіншек шағымданған болатын. Оның 9-сынып оқитын қызын күйеуге алып қашып кеткен. Кейін қорлық көрсетуді бастапты. Біз полицейлерден араша сұрап хат жаздық. Бір емес бірнеше рет. Бірақ, олар еш әрекет еткен жоқ. Осылайша біздің әйелдерге не үйінен, не түзден қолдау табылмай тұр».

Ал, психологтар болса, тирандарды ешқандай жаза түземейтінін айтады. Оларды қамаудан бұрын санасымен жұмыс істеу керек деген мамандар бар гәп жанұядан басталады дейді. Сөздерінше үйінде жанжал көріп өскен бала ұрыс-керіске жақын болады. Және әкесінің қатыгездігіне куә болғандардың 90 пайызы оны өскенде қайталайды екен.

«Олар әлсіз адамдар. Өзінің эмоциясын, өзінің ойын басқара алмайтын адамдар. Сол себепті өздерін өздері іштей жеп, сыртқа ашуын күшпен көрсетіп шығарады. Ең алдымен агрессорлармен психологиялық жұмыс жүргізу өте қажет. Оны жазалағаннан пайда таппаймыз. Санасында өзгеріс болмаса, ешқандай нәтиже болмайды», дейді психологтар.

Соңғы 3 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық Қазақстанда 3 есе көбейген. Осылай деген белсенділер енді бар көмекті Президенттен күтіп отыр. Отбасылық қорлықтан құтылудың жалғыз жолы заң жобасын өзгерту деген олар Мемлекет басшысына хат та жолдапты.

Дина Таңсәрі, «Не молчи» қоғамдық қорының президенті: «Соңғы 3 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық 2-3 есе көбейіп кетті. 11 айдың ішінде 13 мыңнан аса дененің жеңіл жарақатына шағым түссе, тағы 7 мыңға жуық ұрып соғу бойынша тіркелген. Мұның барлығы жеңіл дене жарақатының әкімшілік жазаға сырылуынан. Егер жазаны бұрынғыдай қатаңдатса, әйелдер мен балаларға мұндай қорлық азаяр ма еді?».

Айта кетейік, статистика бойынша елімізде жылына 400-дей әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмады.

Назерке Үкібасова