Шымкентте Ұлы тұлға Абай Құнанбаевтың ұрпақтары жайлы жаңа деректер анықталды. Көне фармацевтика зауытының қоймасында ескі мемориалда тақтайша табылды. Кеңестік режимде қуғын сүргінге ұшыраған ұлы классиктің туыстарының есімдері, қай жерде жерленгендері жазылған плита 30 жыл осында жатқан. Олардың арасында ақынның ұлы Тұрағұл да бар. Жаңа деректерді тарихшылар зерттеуде.
Бұл тақтайшаның нағыз қазына екенін абайтанушылар бірден сезген. Жылдар өте әбден тозығы жеткен таста ұлы тұлға Абайдың ұрпақтарының есімдері қашалып жазылған. Кеңестік режимде қуғын сүргінге ұшыраған олардың өмірі қалай жалғасты, қай жерде жерленгені осы күнге дейін белгісіз еді. Ғалымдар мемориалды тақтайда тарихи тұлғалардың есімдері қашалып жазылғанын айтады. Олардың арасында Абай Құнанбаевтың дарынды ұлы Тұрағұлдың да есімі бар.
«Бұл плитада нақты фактілер бар. Осында есімдері жазылған адамдардың барлығы тарихи тұлғалар. Мәселен Абайдың ұлы Тұрағұл әкесі жайлы естіліктерінің жазбалары қалдырған. Ол өте біз үшін қымбат дүние»- дейді ғылыми орталықтың аға ғылыми қызметкері Ақжол Қалшабек.
Мемориал плита Шымкентте көне фармацевтикалық зауыттың қоймасынан табылыпты. Кәсіпорын қызметкерлері табылған заттың қандай қазына екенін білмеген де. Кеңесіп затты ғылыми орталыққа жеткізіпті.
Аян ТОҚСАНБАЕВ, зауыт қызметкері:»Плита Абайдың немересі Макен апаның өтініші бойынша «Химфарм» АҚ жасалынған және содан бері бізде сақталған».
Абайтанушылар Тұрағұл зауыт төңірегінде тұрғанына сенімді. Осындағы тұрғындар оларға мұнда ескі зират болғанын айтып берген. Егер де тақтайшадағы жазуларға сенетін болсақ, онда олар осында жерленген. Кейін зират көшіріліп, орнына балалар балабақшасы ғимараты бой көтерген. Ал қазір мұнда қоймалар орналасқан.
Тұрағұл Абайұлы дәл осы аймақта жерленген. Оны біз дәлелдей аламыз дейді ғалымдар. Абайдың ұрпақтары жерленген жерді тарихшылар зерттеуде. Олар үміттерін үзбей, архивте жоқ әрбір деректі мұқият тексеруде. Зерттеу жұмыстарына жергілікті магистранттар мен доктаранттар жұмылдырылыпты. Енді олар бұрын белгісіз болған мәліметтерді анықтамақ.
Шынар Оразова