Шардараның түбінен ежелгі қаланың орны табылды

Бұл жерде ежелгі өркениеттің, көне қаланың ізі бар екендігі 1958-жылы анықталыпты

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара су қоймасының түбінде мыңдаған жылдардың тарихы көміліп жатыр. Мамандар мен тілшілер жақында су қоймасының жағалауынан кездейсоқ көне жәдігерлер тауып алды. Таңқаларлығы, бұл жерде саз балшықтан күйдіріліп жасалған су құбырлары тұтастай жатыр, өткен ғасырдың 60-жылдары зерттеу жүргізген ғалымдар бұл мұраларды ежелгі Қаңлы мемлекеті дәуірлеген кезеңге жатқызып отыр.

Су түбінен табылған адам сүйектері
Су түбінен табылған көне олжа

Жергілікті өлкетанушылар мемлекеттік деңгейде қолға алынып жатқан «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы шеңберінде су қоймасының айналасы тереңірек зерттелсе деген ұсыныс айтуда. Әзірге алаңдатарлығы – ескерткіштердің қорғалу жайы.

Қазір Шардара су қоймасының жағасында алып бір үлкен қалашықтың орны табылғандай. Бұл жерлерде әр түрлі көне жәдігерлер, қыш құмыралардың сынықтары, тіпті, адамның сүйектеріне дейін шашылып жатыр. Жергілікті өлкетанушы ғалымдардың айтуынша, бұл жерде 1958 және 1963 жылдар арасында Мәскеу ғалымдары экспедициялық жұмыстар жүргізіпті. Бірақ ол іс аяқсыз қалған.

Бұл жерде ежелгі өркениеттің, көне қаланың ізі бар екені 1958 жылы анықталыпты. Сол жылы Кеңес Үкіметінің шөл даланы игеру саясатына байланысты Шардара су қоймасының құрылысы басталған. 1963 жылға дейін Сырдарияның ортаңғы ағысының жоғарғы бөлігінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Оған қазақстандық ғалымдар Мерщиев, Максимова және олардың мәскеулік әріптестері Ваинберг пен Левиналар қатысқан.

Нұрлан Смаилов, Шардара аудандық өлкетану мұражайының меңгерушісі: «Біздің өңірімізге келген археолог мамандардың, Мәскеуден, Алматыдан келген археологтардың пікірінше, бұл өңір – көне түркі тайпаларының мекені. Біз қазір Ақтөбе – 2 қалашығының орнында, яғни, қазіргі уақытта Шардара су қоймасының астында қалған тарихи нысанда тұрмыз.»

Жарты ғасыр бұрынғы қазба жұмыстары бұл өңірде біздің заманымыздың IV-XIII ғасырларында өмір сүрген Ақтөбе І, Жаушықұм қалашықтары және І ғасырдың басы мен IV ғасырға жататын Ақтөбе – 2 мекені болғанын анықтаған. Тастардың барлығы әппақ. Ақтөбе атауы осыған байланысты қойылса керек дейді өлкетанушылар. Ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, академик Әлкей Марғұлан да қаланы зерттеп, оны Қаңлы мемлекеті кезеңіне жатқызған.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=hhBEBZCtXUU[/youtube]

Бірнеше адамның мүрдесі, қолөнер бұйымдары, төселген тасжолдар, қыш құмыралар мен түрлі ыдыстардың әрқайсысы баға жетпес мұра екені анық. Дәл қазір жұртты алаңдатып отырған басты мәселе – бір жерге топтастырылған тарихи кешеннің сақталу, қорғалу жайы. Екіншісі, қоймадағы су деңгейі көтерілетін болса, жәдігерлер қайтадан тұңғиыққа кете ме деген қауіп. Сондықтан зерттеу жұмыстары тезірек қолға алынса дейді шардаралықтар.

Дереккөзі: «Хабар» телеарнасы