Шымкентте азаматтар 30 мамандық бойынша тегін қысқа мерзімді кәсіптік білім ала алады

105

Шымкент қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығында қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға арналған 30-дан астам мамандықтың тізімі бекітілді.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында жұмыссыз жүрген азаматтар өзіне ұнаған мамандық бойынша білім алып, сертификат иеленеді. Қазіргі таңда сұранысқа сай дизайнер, кондитер, тігінші, автоэлектрик, тас қалаушы, кран машинисі, визажист, шаштараз шебері, аспаз және өзге де мамандықтарға биыл 2500-ден аса азаматты оқуға жолдау жоспарланып отыр.

Оқу мерзімі — 3 ай. Оқуға жолданған азаматтарға ай сайын 17 000 тг шамасында шәкіртақы қарастырылған. Оқыту курстарына жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген 18 жастан асқан (студент емес) және зейнет жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Оқуын тәмамдаған азаматтарға біліктілік куәліктері табысталады. Сол құжат арқылы азамат мемлекеттік грантқа және жылдық пайызы 6% -дан аспайтын шағын несиеге құжат өткізе алады.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту топтардың жинақталуына қарай жүзеге асырылады. Қатысушылар қалалық жұмыспен қамту орталығына келіп, қажетті құжаттарды тапсырулары қажет. Оқу курстарының алғашқы легі сәуір айында басталғалы отыр. Нәтижесінде 1000-ға тарта азамат белгілі бір мамандықты игеріп, тіпті өз кәсібін дөңгелете алады.

Мәліметке сүйенсек, былтыр 1196 адам техникалық және кәсіптік оқудан өткен. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды 2000-ға жуық азамат тәмамдап, куәліктерін алған. Нәтижесінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан кейін 1590 адам жұмыспен қамтылды.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша қосымша ақпаратты +7775 053 39 41 байланыс нөмірі бойынша алуға болады.