Шымкентте Наурыз айтыс басталды

470

Шымкентте Наурыз қарсаңында республикалық ақындар айтысы басталды. «Наурыз гүл көктем, жыл басы» атты айтыста санитарлық талаптар да сақталып, ақындардың өнерін зал ішінде тек 100 көрерменнің тамашалауына мүмкіндік болды. Қомақты жүлде қоры қарастырылған айтыс 2 күнге жалғаспақ.

Шымкентте Наурыз қарсаңында айтыс өткізу 2004 жылдан бері дәстүрге айналған. Десек те, бүгінгі доданың орны ерек болып отыр. Аламан сайыстың жалпы жүлде қоры 4 млн. 600 мың теңге. Бас жүлде иегеріне 2 млн. теңге, 1 орынға- 1 млн, қалғаны екінші және үшінші орыннан көрінген талант иелеріне табысталмақ. Қала әкімінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған айтыста еліміздің түкпір-түкпірінен келген 16 ақын бақ сынауда. Қызылорда өңірінен келген ақын Мейірбек Сұлтанхан бүгінгі айтыстың орны өзгелерден бөлек екенін тілге тиек етті.

Мейірбек Сұлтанхан, айтыскер-ақын: «Көптен күткен Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамында Оңтүстік өңірінде дүбірлі айтыс болып жатыр. Әрине, көптен күткен сахнамыз, көптен күткен көрерменіміз ерекше. Бұрынғыдай ұлан асыр тоймен, көп халықпен өтпесе де, бұл да ақындар үшін, ұлттық рухымыз үшін өзіндік серпілісін береді деп ойлаймын. Кезіндегі қазақтың қасиетті даласы болған Оңтүстік дәстүр-салтымыздың да ордасы болып жасай берсін».


Аламан додаға Асанәлі Әшімов бастаған Әселхан Қалыбекова, Мархабат Байғұт, Маржан Есжанова, Ханбибі Есенқарақызы, Бауыржан Халиолла және Кәрима Оралова сынды зиялы қауым өкілдері қазылық етуде. Берілген бағаларға көз салсаң барлық айтыскерлер жақсы дайындықпен келген сияқты. Алайда айтыстың тізгінін ұстаған Жүрсін Ерман бір ақындардың өнерін оң бағаласа, кейбірін сынап та алды.

Жүрсін Ерман, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: «Жақсы әңгімелер, дұрыс әңгімелер айтылып жатыр. Кейбір қате ақпараттар да кетіп жатыр. Ипподромға қатысты, Цойға байланысты. Фейк ақпараттарды шынға айналдырып. Білмегендіктен шығады ғой. Бірақ жанашырлықпен айтылғаннан кейін сәл түсіністікпен қарар деп ойлаймыз. Жақсы көңілді айтыстар, көтеріңкі күймен айтылған айтыстар. Шын мәніндегі ақындық  шайқастар. Бұл өзі айтыс дегеннің өзі аяқ астынан сөз тауып уәжге уәж қайтарып айту ғой. Сол деңгейден көрініп жатқанына қуаныштымыз».

Қалай десек те, бүгінгі айтыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Алайда ескеретін тағы бір жайт, 2 күнге жалғасатын айтыстың алғашқы күнінде «Түркістан» сарайында 100 адамнан артық көрермен болмады. Бұл санитарлық талап айтыстың 2-ші күнінде де қатаң сақталады.

Мөлдір Ибадуллаева