Шымкенттік ұстаз ел үздігі атанды

315

Елімізде онлайн сабақ берген ең үздік ұстаз – шымкенттік педагог. Ол бастауыш сыныбының мұғалімі – Ділбар Нарметова. Қашықтан оқыту кезінде оның шәкірттері ең белсенді және ең нәтижелі білім алғандар қатарына енген.

Қызықты және әсерлі. Шымкенттік ұстаз Ділбар Нарметованың басты мақсаты өз сабақтарын дәл осылай өткізу. Сөзінше мұғалімге оқушыларды сабаққа алғашқы минутта-ақ қызықтырып үлгеру керек. Сонда ғана шәкірттер жаңа тақырыпқа назар аударып, ден қояды екен.

Ділбар НАРМЕТОВА, №45 мектептің бастауыш сынып мұғалімі: «Балалармен жұмыс істей жүріп, олардың әрқайсысымен қандай қарым-қатынас құруды үйренесің. Сабақтың көбін ойын форматында өткіземіз. Бәрі де жаңа бағдарлама бойынша».

Шымкенттік шәкірттер қазір аралас форматта білім алуда. Сондықтан да мұғалімдер сабақтың жартысын офлайн түрде өткізсе, кейін онлайн оқитын сыныпқа асығады.

Осыдан 10 жыл бұрын ел азаматтары үшін қашықтан оқу бейтаныс әлем болса, қазір ол қазақстандықтарға қалыпты білім алу форматына айналды. Алайда, бұлай берілген білімді шәкірттер қаншалықты үйренеді? Ұстаздар сөзінше экранның арғы жағында отырған баланы тыныштыққа шақыруда әрқайсысының өз тәсілі бар.

Рамиля ЕСКЕНДІРОВА, №45 мектеп-гимназиясының директоры: «Біздің педагогымыз Ділбардың осындай жетістікке жеткені біз үшін мақтаныш. Ол республикалық «Білімленд» платформасында білім беруден бірінші орын алды. Біздің шәкірттер қашықтан білім алып жүр. Пәндік сабақтардың барлығы онлайн өтуде».

Ұстаздар сөзінше қашықтан сабақ өтудің алғашқы аптасы оңай болмаған. Алайда, осыдан кейін оның оң тұстарын байқай бастадық дейді. Балаларда жауапкершілік пайда болып, өздігінше жұмыс істеуді бастаған. Осыған қарамастан сыныпта жиналып оқыған сабаққа жетпейді деп отыр.

Милана ЖАРИНОВА, 1-сынып оқушысы: «Маған мектепке келген ұнайды. Сабақ оқығанды да жақсы көремін».

Алим ИМАМАДИЕВ, 1-сынып оқушысы: «Маған мектепке келген ұнайды. Себебі мұнда қызық көп».

Ал, Ділбар Анарқұлқызы балалардан үйренеріміз көп дейді. Сондықтан да дәстүрлі сабақтан гөрі жаңа бағытты қолдануды жөн санайды. Бастысы шәкірт сабақтан кейін жақсы көңіл күйде қалуы керек дейді.

 Назерке Үкібасова