Жолда қалған автобус жолаушылары құтқарылды

169

 Түркістан облысында көктайғақтан жол шетіне шығып қалған жолаушылар тасымалдайтын автобустың жолаушылары құтқарылды. Төтеншеліктердің мәліметінше, оқиға 13 наурыз күні Отырар ауданы аумағындағы Ескі Шілік елдімекенінің маңында орын алған. «Шымкент-Түркістан» бағытында шыққан қоғамдық көлікте 57 адам болған екен.

Исақожа ЕЛЕУСІЗОВ, Түркістан облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы: «Төрткөл-Шәуілдір» тас жолында көктайғақтан «Сетра» маркалы «Шымкент-Түркістан» жолаушылар тасымалдайтын автобус жолдың шетіне шығып кеткен. Оқиға орнына Түркістан облысы ТЖД 5 қызметкері 2 техникамен шығып, автобусты жолдың тазартылған бөлігіне алып шықты. 14 наурызда сағат 01:24-те жолаушылар маршрут бойынша жөнелтілді. Медициналық көмекке қажеті болмады».

Өткен демалыс күні өңірде көктайғақ салдарынан республикалық және облыстық маңызы бар жолдарының біраз бөлігі жабылғаны хабарланған еді. Барлық көлік түріне қозғалыс тоқтатылған болатын. Алайда, қазіргі таңда ауа-райы тұрақталып, жолдардың барлығы қардан толық тазартылған.

Олжас Айдарбек