Коронавирус жұқтырғандар саны 30 пайызға өскен

107

Карантин шараларын күшейту керек. Осылай деген үкімет мүшелері бүгін елдегі эпидемиологиялық ахуалды талқылады. Індеттің күннен күнге өршіп жатқанын жеткізген жауаптылар көрсеткіштің 30 пайызға өскенін айтады. Және елді жаппай вакцинациялауды алға қойып отыр. Ведомства өкілдерінің сөзінше, қыркүйекке дейін 10 млн қазақстандық квиге қарсы екпе алып үлгеруі керек.

Қазақстанда ақпан айымен салыстырғанда коронавирус жұқтырғандар саны 30 пайызға өскен. Осылай деп дабыл қаққан еліміздің бас дәрігері қатерлі індеттің қайта өршігенін айтады. Үкімет отырысында сөз алған ол қазір 7 аймақтың қызыл белдеуде тұрғанын жеткізді. Оның ішінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы 28 күннен бері қауіптілер қатарында. Ал, Шымкент қаласы сары аймақта.

Алексей ЦОЙ, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Вирус қазір күніне 1800 азаматтан анықталып жатыр. Аурухана орындары әсіресе Нұр Сұлтан, Алматы қаласы мен Батыс Қазақстан, Алматы облыстарында толып жатыр. Айта кетейік, қазір елімізде өзге штам түрлері де анықталуда. Олардың ең қауіптісі британдық індет».

Жауаптылар сөзінше енді «сары аймақ» пен «қызық аймаққа» жақын облыстарда карантин режимін қатаңдату керек. Осылай деген Ералы Тоғжанов әкімдерге құлаққағыс жасады. Премьер-министрдің орынбасары штаб құрып, карантин ережесін өзгерту керек дейді. Және вакцина салғандар санын арттыруды да тапсырды.

Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР Премьер-министрінің орынбасары: «Барлық әкімдерден халықты жаппай вакцинациялауға дайындықты пысықтауды сұраймыз. Қызыл аймақтағы өңірлерді және адам санын ескере отырып, вакцина көлемін ұлғайту жөніндегі шешім қабылдадық. Оның ішінде Алматы қаласы 464, Нұр-Сұлтан қаласы 284 мың, Қарағанды облысында 217 мың, Алматы облысы 232 мың, Шымкент қаласында 172 мың».

Ал, үкімет басшысы болса, елімізде дәрі қорының жеткілікті екенін алға таратады. Сөзінше республика қорында 2 айға жететін дәрі бар. Ал, өңірлерде бұл көрсеткіш 3 айға лайықталған.

Асқар МАМИН, ҚР Премьер-министрі: «Дәріханаларда екі айлық қор жасалды. Сонымен қатар, барлық өңірлерде 3 айлық дәрі-дәрмек қоры бар».

Айта кетейік, бір ай ішінде 266 816 қазақстандық екпе салып үлгерген. Осылай деген Премьер-министр енді айына 2 млн. азаматты вакцинациялау керек деп тапсырды. Және қыркүйек айына дейін олардың санын 10 млн-ға жеткізу керек дейді.

Назерке Үкібасова