«Нұр Отан»: Шымкентте тұрғындардың көптеген мәселелері оң шешімін тапты

219

«Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасы, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен жиын өтті.

Кездесу барысында тұрғылықты халық тарапынан көтерілген мәселелердің шешілуі және партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестің атқарған жұмыстары бойынша есебі талқыланды.

«Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалында өткен жылы атқарылған жұмыстар ауқымды. Қоғамдық қабылдау бөлімінде 25 мыңнан астам арыз тіркелген. Олардың 70 пайызы оң шешімін тапқан. Қалғандары бойынша заңнамаға қатысты түсіндірме берілген. Бұл туралы  «НұрОтан» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасы, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Былтыр «Біз біргеміз» қоры арқылы 13 мың азамат қаржылай көмек алып, азық-түлік жиынтықтарымен қамтылды. Нұротандықтардың бастамасымен демеушілер есебінен 3 мың азаматқа әлеуметтік қаржылай қолдау көрсетілді. Шара барысында пандемия кезінде көмекке мұқтаж жерлестеріне қол ұшын созған партиялықтарға «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының «Құрмет Грамотасы» табыс етілді.

Партияның құрамы жақында ғана жаңаланды. Депутаттарға қойылатын талаптар күшейтілді. Бұл олардың жауапкершілігін арттыратыны сөзсіз. Жиында партиялық бақылау комиссиясының 2020-2021 жылдары атқарылған жұмысы баяндалып, филиал жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестің есебі де қаралды. Жиынды қорытындылаған филиал төрағасы — партиялықтарға бірқатар тапсырмалар мен міндеттерді жүктеді.

«Ең басты міндет сайлауалды бағдарламамызда халыққа берген уәделерді ойдағыдай мерзімінде орындау»,- деп сөзін түйді Мұрат Әйтенов.

Шынар Оразова