Úı ANONS Шымкентте 2 000-ға жуық адам ВИЧ жұқтырған

Шымкентте 2 000-ға жуық адам ВИЧ жұқтырған

Шымкентте  ВИЧ жұқтырған 1989  адам арнайы есепте тұр. Соңғы жылдары бұл диагнозға деген қоғамдық көзқарас айтарлықтай өзгере бастады. Яғни, тұрғындар аталмыш ауруға шалдыққандарға түсіністікпен қарайтын болды. Бұған  себеп, ақпараттық түсіндірме жұмыстарының  кеңінен жүргізілуі дейді мамандар. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының да еңбегі зор екен.

СПИД, яғни ЖИТС-тің алдын алу орталығында өткен шараға келгендер көкірегіне қызыл лента байлаған. Бұл иммун тапшылығы вирусымен өмір сүретін адамдарды қолдаудың бір белгісі. Жыл басындағы көрсеткіш бойынша Шымкентте 2 мыңға жуық  адам дерт жұқтырғаны белгілі болды. Алайда, бұл көрсеткіш көші-қон үдерістеріне байланысты өзгеріп отырады. Дәрігерлердің айтуынша, үздіксіз ақпараттық-түсіндірме  жұмыстарының нәтижесінде, қоғамның көзқарасы жақсарып, диагнозға байланысты кереғар пікірлер біртіндеп жойыла бастаған.

ҚОЖАХМЕТ МАШИРОВ, ҚАЛАЛЫҚ СПИД ОРТАЛЫҒЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «10 қарашадан 10 желтоқсанға дейін бір айлық ұйымдастырылды. Оның мақсаты – ВИЧ инфекциясының мәселелері, жұғу жолдары мен алдын алу туралы ақпаратты барлық халыққа, әсіресе жастарға кеңінен жеткізу».

«Рабат» газетінің журналисі Елена Летягина халықты жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромы туралы ақпараттандыру ісіне өз үлесін қосты. Нәтижесінде, жүлделі орындардан көрінді.

ЕЛЕНА ЛЕТЯГИНА, «РАБАТ» ГАЗЕТІНІҢ ЖУРНАЛИСІ: «Жеңістен үміттенген жоқпын, себебі барлығы шын жүректен жазылды. Бұл тақырып мен үшін жеке мәнге ие. Музыкалық училищедегі құрбым ерте көз жұмды. Оны күйеуі жұқтырған, бұл — мен үшін өте қайғылы жағдай еді. Және жеке тарих».

Осы күні ерекше бір игі бастаманың да алғашқы қадамы жасалды. Дәрігерлер мен журналистер бірге ағаш отырғызды. Бұл бастама алдағы уақытта «Өмір аллеясы» деп аталатын жасыл демалыс аймағына айналмақ.

Нұргүл Жолымбетова