Қорқор шегуге тыйым салу ережелерін бұзған мекемелер анықталды

135

Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасы қызметкерлері мен мобильді топ өкілдері қаладағы көңіл көтеру орындарында құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған рейдтік іс-шаралар жүргізді.

Тексеру барысында бірқатар мекемелерде темекі өнімдерін (кальян) қоғамдық орындарда тұтынуға тыйым салудың бұзылу деректерін анықтады. Яғни Қонаев көшесі бойында орналасқан «Cezaro» лаундж барының әкімшісі бетпердесіз жүргені сондай-ақ келушілерге қорқор ұсынып карантин талаптарын өрескел бұзған.

Тәртіп сақшылары көңіл көтеру мекемесінің ішінде 18 азамат болғанын айтады. Осы жайттар бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы бойынша әкімшілік хаттама және карантин режимін сақтамағаны үшін әкімшілік іс-құжаттар рәсімделді.

Анықталған құқық бұзушылық жайтына қатысты, нысан иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша жинақталған материалдар Әл-Фараби ауданы бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасына жолдады.
Естеріңізге сала кетсек, мейрамханаларда, кафелерде және басқа да қоғамдық мекемелерде кальян шегуге тыйым салынады.