Úı ANONS Электросамокатпен жүру ережесі жаңарды

Электросамокатпен жүру ережесі жаңарды

Сенаторлар құқық бұзушылықтың алдын алу туралы заң мен оған қатысты қосымша түзетулерді мақұлдады. Құжат электросамокаттарды пайдалану және жалға беру ережелеріне жаңа талаптар енгізіп, балама көліктерге бақылауды күшейтеді. Өзгерістерге жол апатының көбеюі себеп болған.

Деректерге сүйенсек, биыл елде 370-тен астам жол-көлік оқиғасы екі доңғалақты көліктердің қатысуымен болған екен. Сонымен электросамокат иелері мен жалға алушыларды қандай жаңалықтар күтіп тұр?

Жаңа ережеге сәйкес, әр электросамокатқа жеке тіркеу нөмірі беріледі. Оны жалға беретін компаниялар мен көлік иелері орнатуға міндетті. Сонымен қатар, электросамокаттарды уақытша жалға беретін кәсіпкерлер жауапкершілікті сақтандыруды  рәсімдеуі керек. Қазіргі кезде электросамокат қатысқан оқиғалардың көбінде өтемақы төленбейді, өйткені нақты кім басқарғанын немесе  құрылғыны кім жалға алғанын анықтау қиын.

МИХАИЛ БУДЯНСКИЙ, АВТОЭКСПЕРТ: «Электросамокатты бір адам жалға алса да, оны басқа адам қолдануы мүмкін. Егер сақтандыру тек жалға алған адамға жасалса, бірақ оқиға кезінде самокатты басқа адам басқарса, сақтандыру жұмыс істемейді, яғни өтемақы алмай қалуға болады».

Тағы бір ереже жүргізушілердің жасына байланысты. Электросамокаттарды тек кәмелетке толғандар ғана пайдалана алады. Жүргізуші куәлігі жоқтар тек саябақтар мен веложолдарда жүре алады. Тротуарларда толық тыйым жоқ, бірақ жолға шығу үшін жүргізуші куәлігі қажет. Ал құралды жалға беретін компаниялар мұндай ереженің жалға алушылар арасында кең таралмайтынына сенімді.

МУСАЛАВ АЛИБЕКОВ, ЭЛЕКТРОСАМОКАТТАРДЫ ЖАЛҒА БЕРЕТІН КОМПАНИЯ ӨКІЛІ : «Кешкі уақытта шлем пен жарық шағылыстыратын киім кию керек. Біздің пайдаланушылардың орташа сапары шамамен 10 минутқа созылады. Адам күн бойы шлем киюге дайын емес, тек қысқа сапар үшін ғана пайдаланады. Яғни, бұл көбінесе күтпеген немесе қысқа сапарлар, мысалы кездесу немесе іс-шара үшін. Кептеліс көрсе, адам электросамокат алып, ыңғайлы әрі тез жетеді».

Сонымен қатар, кәсіпкерлердің айтуынша, Қазақстанда альтернативті көлік пен оған байланысты бизнес бірнеше жылдан бері шектеліп келеді. Олардың пікірінше, жаңа талаптар саланы одан сайын қиындатады. Қазақстандықтар болып жатқан жағдайға әртүрлі баға беріп отыр.

Сонымен қатар, электросамокаттарды жалға беретін компаниялар пайдаланушылардың самокаттарды қайда қалдыратынын бақылауға міндетті болады. Әр көлікті жылдамдық өлшегіш құрылғымен жабдықтау керек. Ережелерді бұзғандар үшін 20–40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Құжат президенттің қол қоюына жіберілді.

Ботакөз Әнуар