Азаматтардың қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Кентау қаласының полициясымен бірлесіп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Негізгі мақсат — құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Түсіндіру жұмыстары барысында полицейлер тұрғындарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес 2026 жылдың 2 наурызынан бастап қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынатынын ескертіп шықты. Бұл норма Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-3-бабында көзделгенін түсіндірді.
Бұл ретте бетін жаппайтын діни киім-хиджаб, химар, шейла, әл-амира және басқалары — нормаға бағынбайды.
Сонымен қатар тыйым ауа-райына, медициналық көрсеткіштерге, заңнама талаптарын орындауға, қызметтік міндеттерге, азаматтық қорғау саласындағы қызметке, сондай-ақ спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысуға байланысты жағдайларға қолданылмайды.
Тәртіп сақшылары заң талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Сондықтан азаматтарға заң нормаларын сақтау, саналы болу және қоғамдық тәртіпке құрметпен қарауды ұсынады.







