«Шлакоблокпен өлтірген»: Студент ісіне қатысты сот үкімі шықты

184

«Құрдастары шлакоблокпен ұрып өлтірді» деген студент ісіне сот үкім шығарды. Өткен жылы Шымкент тұрғындарын таң қалдырған жағдай мамыр айында орын алған еді. Кесірінен 17 жастағы бозбала қайтыс болды. Ал, оны ұрды деп күдікке ілінген 6 жігіт бүгін сот үкімі шықты.

Шымкентте құрдастары шлакоблокпен ұрып өлтірді деген студент ісіне ақыры сот нүкте қойды. Бүгін өткен сот отырысына жәбірленуші мен сотталушылардың жақындары түгел жиналды. Үкімді жылап тыңдаған олар соттың соңына дейін көз жасын тыя алған жоқ. Ал, сотталушылар болса, берілген мерзімді естігенде отырған орындарынан тұрып кетті.

17 жастағы шымкенттік студентті топтасып өлтірді деген айыппен 6 жігіт бас бостандығынан айырылды. Ең азы 6 жыл арқаласа, ең көбі 8 жылға сотталды. Судья сөзінше ең көп мерзімді алған жігіттің 8 жылға сотталуының өзіндік себебі бар. Ал, қалған қылмыскерлердің барлығы күдікке ілінгенде 18 жасқа толмаған екен.

Дәурен САЙХАНОВ, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы: «Бұл жерде көрсетілген ең ауыр жаза кәмелетке толмағандарға 10 жылдан аса тағайындалмайды. Сондықтан 2,3 бөлігімен жаза тағайындалады. Ол 10 жылдан санайтын болсақ, 6 жыл 8 айдан жаза тағайындалады кәмелетке толмағандарға. Бұл жерде 1 сотталушы қылмыс болып қойғанда 18-ге толып қойған болатын. Төбелестен 1 ай бұрын. Сондықтан ол балаға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды».

Бірақ, соттың бұл үкімімен марқұм Абзал Өткіровтің ағасы келіспейді. Сөзінше, бауырының өліміне қатысы барларға берілген жаза тым жеңіл.

Алмаз ӨТКІРОВ, жәбірленуші: «Апелляцияға береміз. Тым жеңіл жаза берді. 106 баппен кемі 8 жылдан беру керек еді. Әрқайсысына 8 жылдан беруі керек еді. Үсіпбаев Жанболатқа ғана 8 жыл берді. Бәрі бірдей қылмыс жасады. Толық үкім шығарғанын қалаймын».

Ал, сотталғандардың жақындары жаза уақытын тым көп деп отыр. Айтуларынша, бұл іске нағыз кінәлілер бостандықта екен. Осылай деп жәбірленуші жақтың жағасын алған ата-аналар сот үкіміне қарсы. Бәрібір өз шындығымызды орнатамыз деген олар соттан кейін шу шығарды.

Сапаркүл УСИПБАЕВА, сотталушының әпкесі: «Біздің балалар кінәсіз. Ол жерде тастың бір соққысымен өлген ол бала. Дұрыс па? Солай экспертизада да бар. Неге ұрған бала 6 жыл алады да, неге біздің балалар 8 жыл алады? Бұл әділетсіз».

Еске салайық, шымкенттіктердің жағасын ұстатқан оқиға былтыр мамыр айында орын алған еді. Өзара мәселе шешпек болған құрдастар Маятаста кездеседі. Біраздан бері ерегісіп жүрген олар бұған дейін де бірнеше рет жаға жыртысқан екен. Алайда, соңғы кездесу қайғылы аяқталып, 17 жастағы студент Абзал Өткіров бақилық қайтыс болды.

Назерке Үкібасова