1 миллиард 351 миллион теңге бюджет қаржысы қалай жымқырылды? Шымкентте резонанс тудырған іс бойынша бес адамға үкім шықты. Сот мәліметінше, жалған құжаттар рәсімделіп, білім беру жүйесіне жалған деректер енгізілген. Бас айыпталушы 10 жылға түрмеге жабылды, оны сот қатаң режимдегі мекемеге жіберді. Ал қалғандары 4 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 5 адамға үкім шығарды. Бас сотталушыға «аса iрi мөлшерде алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену» және «iрi мөлшерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» айыбы тағылған. Ал қалған 4 адам «аса iрi мөлшерде алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемденуге көмектесті» деген күдікке ілінген.
Бас сотталушы бұрын сотты болған. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түрмеде өтейтін болды. Ал қалған 4 айыпталушыны 4 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Сот дерегінше, сотталушылар бірлесіп бюджет қаражатын жымқырған. Сотталушылардың бірі құрылтайшы, екіншісі колледж директоры, қалғаны есепшілер.
СЫРЫМ ЖАҚСЫЛЫҚОВ, СУДЬЯ: «Қылмыстық ниетті жүзеге асыру мақсатында жалған құжаттар рәсімделіп, орындалған жұмыстар актілеріне қол қойылып және Ұлттық білім беру деректер базасына көрінеу жалған мәліметтер енгізілген. Нәтижесінде мемлекетке жалпы сомасы 1 351 527 344 теңге көлемінде материалдық залал келтірілген. «Оңтүстік Қазақстан Гуманитарлы-қаржы колледжі» іс жүзінде білім беру қызметін жүзеге асырмаған. Ал «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінде» ақылы негізде оқитын студенттер жалған бұйрықтардың негізінде мемлекеттік білім беру тапсырмасы бойынша оқитын студенттер ретінде заңсыз есепке алынған».
Сотта сотталушылар мен олардың жақындары және қорғаушылары өздерін фото-видео түсіруге қарсы болды. Тараптардың апелляциялық шағыт түсіретіні, не түсірмейтіні беймәлім. Айта кетейік, үкім заңды күшіне енбеген.
Дилара Иса






