Шымкентте қасиетті Рамазан айындағы қайырымдылық акциялары жалғасуда. Бүгін Әл-Фараби ауданында тұратын әлеуметтік әлсіз топтағы 200 отбасыға ауызашар себеті таратылады. Ұйымдастырушылар сөзінше, игі іс алдағы бір ай бойы жалғасады екен. Сондай-ақ, мешіт имамдары бұл шараға жағдайы жеткен халықты демеушілік жасауға шақырды.

Шымкенттегі Әл-Фараби ауданы тұрғындарына азық-түлік себеттері үлестірілді. Қасиетті Рамазан айында басталған акция аясында берілген ауызашар себетін 200 отбасы «Абдул Хамит Қаттани» мешітінен алып кетті. Бұл игі іске қайырымды жандар демеушілік жасап отыр.

Ал көмекке мұқтаж отбасылар тізімі Әл-Фараби аудандық әкімдігінің мамандарында бекіткен. Олар көмекке зәру отбасыларға хабарласып, аталған мешітке шақырған. Ауызашар себетін алған жандар өз алғыстарын жеткізуде.

Айта кетейік, тұрмыстық әлеуеті төмен, алайда әкімшіліктің тізімінде жоқ жандар, мешітке келіп те жазылуына болады. Егер шынында алуға құқылы болса, еш қиындықсыз аталған азық-түлік үлестіріледі.

Күлипа СЕЙТІМБЕТОВА, Шымкент қаласының тұрғыны: «Ауру кісі мұқтаж жанбыз, екі балам қайтыс болған содан кейін келдім. Берсе берер, бермесе барып жолығып келейін деп жағдайым мүшкіл былайынша айтқанда денсаулығым жоқ. Мешіт ұжымы мен әкімшілкке алғысымды айтамын».

Бір ай бойы азық-түлік үлестіреміз деген мешіт имамы биылғы Рамазанның ерекше болып жатқанын тілге тиек етті. Карантин мен тұспа-тұс келген ораза айында халықты жинап ауызашар беруге болмайтынын ескерген әкімшілік пен мешіт ұжымы осы акцияны ұйымдастырғанын айтады.

Ахметжан КЕРІМБЕК, «Абдул Хамит Қаттани» мешітінің бас имамы: «Мінекей биылғы Рамазанда ерекшеленіп тұр. Себебі карантин жағдайында құлшылықты өткерудеміз. Яғни, тарауых намаздарымызды мешітте оқып жатқан жоқпыз, әркім өз үйінде оқып жатыр сол секілді ауыз ашарда тек үйлерінде жасалынып жатыр. Жиналып бір орында топталып ауыз ашар өткізіліп жатқан жоқ. Мінекей, осы жағдайларды ескере келе қаламыздың әкімі және қаламыздың бас имамы екеуі бірлесе отырып жақсы бір мәселені бастады өте бір сауапты бастама десем болады».

Айта кетейік, Рамазан айының соңына дейін қаламыздағы мешіттерде күн сайын мыңға жуық отбасыға азық-түлік себеттерін тарату көзделген. Қасиетті айда қайырымдылық жасауға ниеттілер болса, акцияға демеушілік көрсетуге әбден болады. Мешіт имамдары жағдайы келген қала тұрғындарын қайырымдылық іс-шараларына белсенді атсалысуға шақырады.

  Мөлдір Ибадуллаева