Шымкентте рамазан айының соңына дейін түйе еті таратылады

145
фото Азаттық радиосы

Шырайлы шаһарда қасиетті айдағы қайырымдылық шаралары мұнымен бітпейді. Қаладағы кәсіпкер азаматтар жиналып, көмекке мұқтаж жерлестеріне түйе сойып, етін таратуға ниет білдірген. Бүгін «Ақмешіт» орталық мешітінде төрт бірдей түйенің еті тұрмысы төмен отбасыларға үлестірілді. Дін өкілдерінің айтуынша, қайырымды жандар бұл шараны қасиетті айдың соңына дейін жалғастыруға ниет білдіріпті.

Қазыбек САРЫБАЕВ, Шымкент қалалық орталық «Ақмешіт» мешітінің наиб имамы: «Қайырымды жандардың демеушілігімен азаматтардың ниетімен арнайы шалынған түйенің еттері таратылуда. Қазір біршама халыққа түйенің еті таратылады. Сонымен қоса, таңертеңнен бері 1000 адамдық азық-түлік таратылып жатыр. Құдай қаласа, осы іс-шара алдағы уақытта да жалғасады».

Соғымнан бөлек, қаладағы алты мешітте күніне 1000 дана азық-түлік толы қораптар да таратылуда. Оны әкімшілік жасаған тізім арқылы үлестіріліп жатыр. Ол тізімде жоқ әлеуметтік осал топтағы отбасылар мешітке жүгініп өзін мұқтаждар тізіміне қоса алады.

Олжас Айдарбек